Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАНҒА ЖАЙЛЫ «ЖАЛЫН»

ЖАНҒА ЖАЙЛЫ «ЖАЛЫН»

Оқушылар үшін ең қызықты уақыт – жазғы демалыс. Оқудан босап, асыр салып ойнайтын, ойын-күлкі қызығына тоймайтын керемет сәттердің мезгілі. Балалардың көбі өздері оқитын мектеп лагеріне баратыны белгілі. Сонымен бірге, бірі республикалық, облыстық немесе аудандық лагерлерде тынығады. Осындай белгілі лагерлердің бір 31 жылдық тарихы бар «Жалын» тынығу лагері бүгінде маңдай алды демалыс орындарының бірегейі. 1988 жылы құрылған бұл мекеннің аумағы 8 гектар жерді құрайды. Онда 12 ғимарат: 8 жатын орын, қызметтік, дәрігерлік, шаруашылық бекеті және 130 орындық асхана орналасқан. Сондай-ақ балалардың денсаулығын қатаң қадағалау мақсатында дәрігерлік бекет оқшауланған бөлмеде дәрігерлік көмек және тіс емдейтін жеке кабинеттер салынған. Балалардың суда шомылып, серуендеуі үшін «Қалғандария» көлі орналасқан.
«Жалын» лагері 10 күннен 8 ауысым жұмыс жасайды. Сол 10 күн ішінде тынығушылардың жаңа қырларын ашып, талантын ұштау, сапалы дүниелерді үйрету жолға қойылған. Демалушылар жазғы демалыстарын тиімді пайдалана отырып, түрлі үйірмелерге қатысады. Осылайша балалардың қиялын ұштай отырып, сапалы аспен тамақтануы қатаң бақылауда. Күніне 5 мезгіл құнарлы аспен ауқаттану, оның санитарлық талаптарға сай болуы әрдайым бақыланып, мамандар тексеруінен өтеді.
Балалар таңертең сағат 7:00-де тұрып таңғы жаттығу жасайды. Одан әрі таңертеңгілік жиын болады. Әрі қарай, таңғы асқа барады. Ас ішіп болғаннан кейін еңбекке баулу, секциялық және үйірме сабақтары, сауықтыруға арналған гигиеналық ем шаралар өтеді. Түрлі ойындар, түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылады. «Жалын» тынығу лагерінің басқаларынан ерекшелігін Айым Шорабай есімді бүлдіршіннен сұраған едім. Ол: «Бұл лагерь біздің таным көгжиегімізді кеңейтіп, түрлі дарынымыздың оянуына көп ықпал жасады. Тағы айтарым, осы жерге келіп қоқысты кез келген жерге емес арнайы қоқыс жәшіктеріне салу керектігін, бөлмемізді таза ұстауды, жеке бас гигиенасын қатаң сақтауды үйрендім. Және мұнда балаларға қызықты түрлі үйірмелер мен ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Маған «Жалын» лагері осындай кереметімен, ғажайып табиғатымен қатты ұнайды», - деп жауап берді.
Демалушы балалардың қай-қайсысымен сөйлесе қалсаңыз да мұндағы әр күн қызықты өтетінін айтудан жалықпайды. Тіпті араларында биыл екінші рет келгендері де бар екен.
– Мен жаңа ортада жаңа достар таптым. Біз көбіне туған жердің қадірін біле бермейміз. Жақсы демалу үшін алысқа бармай-ақ «Жалынға» келген кез-келген бала мұндағы табиғат көрінісіне қызығары сөзсіз. Көлге шомылу да керемет әсерлі. Қауіпсіздік шаралары да жасалған. Сондықтан өзім құралпы оқушыларға «Жалында» тынығу жанға жайлылық сыйлайды» деп айтқым келеді, – дейді Мерует есімді бойжеткен.
Бүлдіршіндердің жүзі қуаныштан бал-бұл жанып тұр. Біз соған қуандық.
Жанға жайлы жаздың керемет күндерін лагерьде өткізгісі келетін әрбір тынығушы ең алдымен оның пайдасы жайында білгені жөн. Жоғарыда айтып өткендей, «Жалын» тынығу лагері әр бала үшін пайдалы және сапалы демалыс орны.

Ұлбосын КЕНІШБЕК
30 шілде 2019 ж. 575 0