СЫРДАРИЯЛЫҚТАР АРЫСТЫҚ АҒАЙЫНҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТТІ
Бүгін алты Алашқа ана да, пана да болған қасиетті Сыр өңірінен азық-түлік және басқа да қажетті заттар тиелген автокөліктер Арыс қаласына жолға шықты.
Түркістан облысы Арыс қаласының әскери бөліміндегі төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысынан 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық және 1,5 тонна сүт түрінде өз көмек жіберілді.
Игі іске Сырдария ауданы аумағында егін егетін "Абзал и К", "Абай Дәулет" серіктестіктері, "Ақжарма 2" шаруа қожалығы, "Ақжарма және К" фермерлік қожалығы өз үлестерін қосып, көмек көрсетті.
"Бұл қызылордалықтардың Арыстағы ағайындары үшін бір түн ішінде жинаған гуманитарлық көмегі. Бірақ жұмыс әлі жалғасуда, облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылды, ол зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясының облыстық филиалында Арыс тұрғындарына көмек қабылдау пункті ашылды. Алдағы күндері тағы да осындай көмек түрлерін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, бұл зардап шеккендерді қолдау үшін жиналған қазақ халқының бірлігінің дәлелі", - дейді "Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес.
Сонымен қатар, аймақтағы жергілікті атқарушы органдардың 2000-нан астам мемлекеттік қызметшісі жарылыстан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аудармақ.
Осы оқиғаға байланысты тоқтатылған 5 пойыздың 1200 жолаушысына да жәрдем берілді. Оларға ыстық тамақ пен сусындар жеткізіліп, 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, жолаушыларды жеткізу пункттеріне тасымалдау үшін арнайы көліктер ұйымдастырылды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.