Астаналықтарға аялдамада ыстық шай беріліп жатыр
Сарышұнақ аязда жастар ресурстық орталығының еріктілері тоңып қалған астаналықтарға аялдамаларда ыстық шай ұсына бастады. Бұған қоса еріктілер адамдарды жұмысына дейін жеткізіп тастауға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері аязды күні осылай жұртқа мейірімділік көрсетіп жатыр. Сақылдаған сары аязда аялдамада автобус күтіп қалған елордалықтар ыстық кофе мен шай ішіп бой жылытып, қайырымды жастарға алғыстарын білдіруде. Аялдамаға жеткеннен кейін белсенділер жұмысқа дейін жеткізіп тастайтындарын айтып, хабар береді.
«Біз бүгін таңертең сағат жетіден тоғызға дейін қалалықтарға жұмыстарына жетіп алуға көмектестік. Кешкі сағат бес пен жетілер арасында тағы жолға шығуды көздеп отырмыз. Үш автокөлігіміз бен бір «Газеліміз» бар. Тұрғындар тегін апарып тастайтынымызға таңданып жатса да, кейін алғыстарын жаудырады», - дейді «Астана Жастары» орталығының директоры Мұхамеджан Болысбек.
Оның айтуынша, белсенділер ауысым бойынша 15 адамнан жұмыс істеп жүр.
«Еріктілер ретінде көбінесе колледж бен университеттердің студенттері көмектеседі. Біздің орталықтың белсенділері бар. Біз адамдарға көмектескіміз келеді», - дейді ол.
Айта кетсек, аталған науқан «Астана - жақсылық қаласы» жобасы аясында 26 қаңтарға дейін созылмақ.
Еске сала кетсек, аязға байланысты Астананың мешіттері де мұқтаж адамдарға арнап тегін такси қызметін ұйымдастырды.