Кемел келешектің тұтқасы
Елімізде жастар жылына орай жарқын істер жүзеге асуда. Бұл – Елбасының ел болашағы жас ұрпаққа деген үлкен әрі ерекше қамқорлығының көрінісі. Әр саланың жас мамандары түрлі мәселелерді бірлесіп талқылап, оның шешілуіне мұрындық болуда. Кемел келешектің тұтқасын ұстар жастарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр болмақ.
Мемлекет біз үшін бір нәрсе жасап береді деп күтіп отырудың еш қажеті жоқ. «Мен елім үшін не істей аламын?» деген сұрақты әр адам өзіне қоюы тиіс. Мен өз елімнің гүлденуі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгемін. Ол үшін сапалы білім алуым керек. Көкірегі ояу, көзі ашық, заманауи технологияны меңгергендер ғана заман ағымына ілесе алады. Сол себепті, мемлекет тарапынан бөлінген түрлі мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды ойлайық. Еліміздің жастары білімді болса, еліміз алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі болары анық. Білімді адам – білікті маман иесі атанады. Ал білікті маман иесі – жарқын елдің келешегі. Осы орайда «Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастыратын адам ғана табысқа жете алады» деген сөз еріксіз ойыма оралады. Қазіргі таңда алға қойған мақсатым қажырлы еңбек көрсететін білікті маман иесі атану. Мақсатыма жетіп, еліміздің «Мен!» дейтін азаматы боламын. Қазақстанның болашағы – менің қолымда. Еліміздің көркеюіне сүбелі үлесімді қосамын.
С.Ағыбай,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушысы