Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСТАМАЛАР БАҒЫТЫ – ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАР БОЛМАҚ

БАСТАМАЛАР БАҒЫТЫ – ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАР БОЛМАҚ


Талапты жастардың тың идеялары мемлекет дамуына қаншалықты ықпал ететінін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Өркениет көшіне ілескен қоғамда алып күш иелерінің қарымды қабілеттері мен батыл қадамдары аға буын салған сара жолды дамудың дара жолына айналдырғаны анық. Сол үшін де кемел келешектің тұтқасын ұстар жастарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Мұны білген Елбасы да кезекті Жолдауында жас мемлекеттің жарқын болашағын жастармен байланыс­тырды. Бұл тұрғыда, келер жылды арыстандай айбаты, жолбарыстай қайраты бар өскелең ұрпақтың еншісіне беріп отыр. Осы орайда, ауданның жалынды жастарының қосар үлесін аудандық «Жастар орталығының» директоры Ғани Ораловтан сұрап білген едік.
– Ұлт Көшбасшысы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл қоғамды жаңартушы келешек иелеріне деген зор сенім. Алдымен, осыған тоқталып өтсеңіз?
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауда «Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек» – деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы бастамасы аудан жастарының қызу қолдауын туғызғанын баса айтқым келеді. Ел Президентінің ұсынысы жастардың болашаққа деген сенімі мен үмітін еселеп арттырғандай. Мұны біз қоғамдағы, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі жастардың позитивті, толассыз пікірлерінен айқын байқап отырмыз. Әрине, Елбасының алдағы жылда жас толқынға үлкен қолдау білдіруі біздің «Жастар орталығы» үшін де үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін терең түсінеміз. Біз Ұлт Лидерінің артып отырған зор жауапкершілігін, өзекті де нақты тапсырмаларын ойдағыдай және уақытында орындауға бар күш-жігерімізді салатын боламыз.
– Осы орайда, жастарды жігерлендіруде ауданда қандай жобалар жүзеге асырылмақ? Бұл жолда нені ескеру қажет?
– Аудан әкімінің қолдауымен жастар үшін біршама мүмкіндіктер мен жағдай жасалған. Бүгінді бойлап, болашақты бағамдап, тиісті іс-шаралар мен жобаларды жоспарлауымыз қажет.
Алдағы жылы негізгі басымдықты жұмыссыз және маргинал жастарға беруді жөн санап отырмыз. Өйткені, ауданымыздың әрбір жасы өзін қоғамға керек екенін сезінуі тиіс. Сол мақсатта жүзеге асыратын жобалар мен бастамалардың бағыты – жұмыссыз жастар болмақ. Қазіргі күні аудан жастарымен «Эрудит», «Жүрек жыл­уы», «Жастар қоғам назарында», «Еріктілер мектебі», «Біз спортты таңдаймыз», «Жас проджект» жобалары жүзеге асырылуда. Дегенмен, алдағы уақытта бұл жобаларды қосымша дамыта отырып, жұмыссыз жастарды назардан тыс қалдырмауға күш саламыз.
– Рухани жаңғыруға жастардың қосар үлесі мол. Ол үшін олар өткенді білуі тиіс. Ал кешегі тарихты үлкендерден артық ешкім білмейді. Осы орайда, аға буын мен кейінгі толқын арасындағы байланыс, тағлым алу үшін олармен жиі кездесулер тұрғысында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыс­тарымыз бар. Өткенін білмей ешкім болашаққа нық қадам баса алмайтыны белгілі. Осы ретте, ұлттық спортымыз бен салт-дәстүрімізді дамыту мақсатында шаралар ұйымдастырдық. Жасөспірімдер арасында асық атудан сайыс, қол күрес, қазақша күрес, көкпар сайыстары тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар, тарихи жерлерге, атап айтқанда, Қорқыт Ата, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне аудан жастары тұрақты баруда.
Аға буынмен байланысты айтар болсақ, ардагер-ұстаздар, құрметті қариялар, білікті басшылар «Жастар орталығы» ұйымдастырған шаралардың тұрақты қонағы. Түрлі сала бойынша жетістікке жеткен тәжірибелі мамандар, білікті тұлғалар шараларға қатысып, кейінгі толқынның мақсатын айқындап, болашаққа сеніммен қадам басуына өз жәрдемін тигізіп келеді. Жалпы, жастар аға буыннан тәлім алып, оларға зор құрмет көрсетуде.
Жақында Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында өткенге үңіле отырып, келешекке кемелдікпен қарау қажетін айтқан болатын. Бұл мақаланы жастар толық қолдайды. Ауданымыз әлеуметтік-эконо­микалық тұрғыдан дамып келеді. Ендігі кезек тарихымызды ақтарып, ұмыт болған жәйттарды ұрпақ бойына сіңіру деп білемін. Бұл жолда аға ұрпақтың жастарға айтары бар деп білемін.
– Жастар – алып күш иесі. Тың идея да осы қоғам белсенділерінен шығады. Жалпы, қазір жас­тар кәсіпке бейімделуде. Осы тұста, ауданда жас кәсіпкерлер саны артуда ма?
– Бүгінде экономикалық белсенді халық санына шаққандағы тіркелген жұмыссыз жастардың үлесі 2,8 пайызды құрап отыр. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігі артып келеді деген сөз. Биылғы жылы «Жас­проджект» жобасы бойынша қайтарымсыз несие алуға 42 жоба қатысып, 19-ы жеңімпаз атанып, қазіргі күні жұмыстарын бастап кетті. Сырдария ауданы бойынша жас кәсіпкерлер саны – 642-і құрап отыр. Үстіміздегі жылдың 9 айында 95 жас кәсіпкер тіркеліп, жұмыстарын жасауда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Оның ішінде, қаншама жас кәсіптік оқу курс­тарынан білім алып, өз бетінше кәсіптерін жалғастырып отыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға байланысты жан-жақты жұмыс жүруде. Соның негізінде, аудан жастары өз еншісін алуда. Тиісінше, жас кәсіпкерлер қатары да көбеюде.
Қазіргі күні әр ауыл бойынша жұмыссыз жастарды кәсіпкерлік палатасында «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша оқытып жатырмыз. Басты мақсатымыз – олардың бо­йына кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру. Жұмыссыз жастар кәсібінен нәсібін тапса екен дейміз.
– Қазір аудандағы жастар саясаты, сондай-ақ ауданның, өңірдің дамуына атсалысып жүрген жастар жетерлік. Олардың белсенділерін атап берсеңіз?
– Белсенділер қатары жетерлік. Еш жерде жұмыс жасап, тұрақты жалақы алмаса да жастар үшін «Жайдарман» сайыстарын өз қаржысына ұйымдастырып жүрген Нұржан Сейтжан, «Жас Отан» жастар қанатын қолға алып, жастарды «патриот болсын» деп белсенді қызмет жасап жүрген Айдос Омаровты атап айтуға болады. Тек аудан емес республика намысын қорғап жүрген «Қайсар» спорт клубы көгалдағы хоккейшілерінің әрқайсысы жеңімпаз ретінде аудан спортының дамуына үлес қосып келеді. Сан салада жемісті еңбек етіп келе жатқан жастардың ішінде де белсенділері көп. Оларды тізбектесек бір сұқбатқа сыймас. Сондықтан қазір алып күш иелері өз ісіне мығым, қандай шара болса да белсенділік танытады. Қай істің басына қойсаң да жауапкершілікпен атқаратына сенім мол.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

19 желтоқсан 2018 ж. 1 137 0