Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы келін – ырысың

Жақсы келін – ырысың

Күлжан Әуезова фермада тынбай жұмыс істеп, берекелі еңбек майданының бел ортасында шыңдалғанымен үйде қарапайым отанасы болатын. Жарының көңілін тауып, текті әулетке алғаш келген күннен сіңісіп кеткен. Әркез үй шаруасына мығым келіншектің ширақ болмысы өзгеден дараланып тұрды. Қашанда кірпік қақпай бесігін күзетіп, перзенттерін өсіріп, жеткізді. Нағыз ене мен келін жарасымдылығын ұстанып, үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Ерінің разылығына бөленген әйелдің бақыты шаңырағында көрініс табады. Барлығымызға белгілі өткен ғасырдың жылнамасында тау­қыметті күндер желісі қағаз бетіне таңбаланып, бүгінгі күнге жеткен. Әрбір ауылда ауыртпалықты жеңе білген талай келіннің бет-бейнесі қалыптасты. Соның бір айқын дәлелі – он төрт құрсақ көтерген Күлжан ананың мықтылығы. Естелікке толы сол бір кезеңнің қайтып келмесі өкінішті. Дегенмен, әлі талай Күлжан ананың ізін жалғайтын қыз-келіншек ауыл өмірімен біте қайнасады.
Түс ауа ауылдық мәдениет үйінде К.Әуезованы еске алуға арналған кезекті шараның шымылдығы түрілді. Мұнда «Жақсы келін – ырысың» тақырыбында аудандық байқау өткізілді. Оған аманкелділік М.Алиасқарова, қоғалыкөлдік Қ.Абызбекова, шіркей­лілік Н.Дүйсенбаева айдарлылық Н.Кенесариева, шағандық С.Бөжекова, іңкәрдариялық Ж.Жалғас­бекова, асқарлық А.Есенбекқызы, бесарықтық М.Жүнісбекова қатысты.
Байқау барысында келіндер «Қане, таныс бо­лайық», «Өнерлі өрге жүзер», «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері», «Ойлы болсаң озып көр», «Қазақтың ұлттық тағамдары» бөлімдері бойынша бақ сынады. Әр қатысушы өзіндік ерекшелігімен дараланып, қазақы дәстүрдің мәйегін келтірді. Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында қалыптасқан ұлттық құндылығын паш етті. Отбасындағы әйел бейнесін айшықтап, келіннің негізгі міндетін көрсете білді. Темірқазық саналатын үлкеннің ақылын тыңдау арқылы отбасындағы татулықты сақтау нышанын көрсетті. Дәстүр бойынша ұмыт болған әдет-ғұрыпты таныстырды. Бұрыннан қазақ әйелінің қолынан бал тамған шеберлікті ұлттық тағамдардың дайындалуымен айқындап берді.
Өз кезегінде әділ-қазылар алқасының мүшесі Қазақ ССР жоғары кеңесінің депутаты болған ардагер ана Р.Жалғасбаева, «Жаншуақ» халықтық әжелер ансамблінің мүшесі Н.Әйтенова, әулеттің қызы Г.Дүйсенбаеваның шешімімен қатысушылар жүлделі орындарға ие болды. Оларға арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырылды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 маусым 2019 ж. 1 465 0