МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
Облыс орталығындағы іргелі жоғарғы оқу орнын бітіріп, педагогикалық қызметке тұруға дайындалып жүргенде бас маманның бос әкімшілік орнына конкурс жарияланғанын интернет арқылы білдім. Мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңмен таныстым. Конкурс талаптарына сай тесттен өтуге дайындалдым, жоғары балл жинауға бар күшімді салдым. Нәтижесінде тесттен ойдағыдай өттім. Осылайша мен өз туған жеріме ауыл әкімі аппаратының бас маманы болып орналастым. Онан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Ауыл халқымен біте қайнаса жұмыс жасап келемін. Осы қызмет еткен уақыт ішінде ең алдымен халықтың алдындағы қызметімді адал атқаруды мерейлі міндетім деп бірінші орынға қойдым. Өйткені халықтан биік еш нәрсе жоқ. Мемлекеттік қызметтің өз жүгі ауыр, алар асуы бар. Менің міндетім – атқаруға тиісті жұмысымды жүйелі жасап, елдің алғысын арқалап, ауылдың өркендеуіне үлес қосу. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, ауылдың өркен жайып көркеюі менің және халықтың отырып жұмыс жасауында екендігін жақсы білемін. Сондықтан өзімнің төл міндетімді барынша адал атқаратын боламын.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан да, адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі. Біздің кәсіби шеберлігіміз бен біліктілігімізге сенім артқан халықтың көңілінен шығу қашанда қиын. Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған кезде тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек ету мен үшін үлкен абырой. Бар білімім мен ата-анадан дарыған тәрбиені, ұстаздарым ұялатқан саналылық пен парасаттылықты танытуға, әріптестерімнің сенімінен шығуға бел будым.
Менің де, әріптестерімнің де мақсат-мүддесі Елбасының сарабдал саясатымен үндес. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, олар билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс.
Мен де бар қажыр-қайратымды өзіме тиісті функционалдық міндетімді адал атқаруға жұмсап келемін. Жеткен жетістігім – 2017 жыл қорытындысы бойынша аудандық қорғаныс істері бөлімінің грамотасымен марапатталуым аз болса да атқарған еңбегімнің нәтижесі деп ойлаймын. Қазіргі заманғы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру – кәсіппен шұғылданғысы келетіндерді арнайы курстарда оқытып, сертификаттар беру, сол арқылы кәсіп көздерін ашуға мүмкіндік беру мемлекет тарапынан қолдау табуда. Осы салада ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып, өз шама-шарқынша мүмкіндіктеріне қарай бірнеше кәсіп көздері ашылды. Тігін цехы, наубайхана, компьютерлік қызмет көрсету, шұбат өндіру, мал басын көбейту жобалары ұсынылып, қазіргі таңда ауыл халқына тұрақты қызмет көрсетуде. Бұл жобаларды ұйымдастыруда «Бизнесті дамытудағы ақпараттық технологиялардың мүмкіншіліктері» тақырыбында өткен облыстық семинар-тренингтің бағдарламасын игеруімнің көп пайдасы тиді. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз елінің патриоты болуы тиіс. Бұқарамен байланысып, іскерлік қарым-қатынас жасауға мемлекеттік қызметшілердің үлгі бола білуі, қоғамның дамуына жол салар тұлға ретінде танылуы маңызды болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметші ретінде өзімнің қоғамдағы рөлімді сезініп, біліктілігімді үнемі арттыру, интеллектуалдық ой-өрісімді кеңейтіп отыру, халықпен ынтымақтастықпен ортақ тіл табысу, ең бастысы – адамдық қарым-қатынас жасау жүйесін қалыптастырып келемін. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет әдебін де сақтай білемін. Билік пен халық арасында тығыз байланыс орнамайынша, мәртебелі қызметтің мәртебесін көтерудің жөні де келе бермесі анық. Оған дәнекер болатын тағы да – мемлекеттік қызметші, яғни мен және менің әріптестерім.
Д.БИСЕНОВ,
Іңкәрдария ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы