Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЛШЫЛАР СЛЕТІ: ЕТ ӨНІМІН ЭКСПОРТТАУ АРТАДЫ

МАЛШЫЛАР СЛЕТІ: ЕТ ӨНІМІН ЭКСПОРТТАУ АРТАДЫ

Ата кәсіпті тіршілік өзегіне балаған сырбойылық шаруалар жыл сайын қарт Қаратаудың бөктерінде басқосуды дәстүрге айналдырған. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған малшылар слетінде озат шопандар түлік басын көбейту тәжірибесімен кезекті рет бөлісіп, жетістіктерді саралады. Жаңақорған ауданында өткен слетке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы хол­дин­гінің Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев, қаржы институттары басшылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облысының шаруалары қатысты.
Слеттің салтанатты ашылуында аймақ бас­­шысы соңғы жылдардағы мал шаруашы­лығының тұрақты даму тенденциясына тоқ­талып, агроөнеркәсіптік кешенге бағыттал­ған инвестициялар еселеп өсіп жатқанын атап өтті. Мәселен, соңғы 5 жылда аграрлық салаға салынған инвестиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экспортталатын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін артып отыр.
– Мал шаруашылығына тұрақты қолдау­лардың арқасында облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған 1993 жылдан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Елбасы «Аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көрсетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат қойғанын жақсы білесіздер. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында біз облыстың ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өткізу рыноктарына ке­шендік-маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нә­­ти­жесінде, облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамуының «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырылуда. «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдарын айқындадық, – деді өңір басшысы.
«Агрокарта» аясында мал шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елдерден асыл тұқымды ірі қара малы жеткізіліп, облыста 8 репродуктивтік шаруашылық ұйымдастырылды. Сонымен бір­­­ге, аймақ халқын сапалы, экологиялық та­за табиғи өнімдермен қамтамасыз ету үшін об­лыста 1200 басқа арналған сүт өндіру ке­шенінің, мың басқа арналған екі бордақылау алаң­дарының құрылыстары жүргізілуде. Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыс­та 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артты.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров сөз сөйлеп, мал ша­руашылығын дамытуда аймақтың тәжіри­бесі мол екенін атады.
– Барлық салалық ұйым өкілдерінің қаты­суымен өткен осындай ауқымды шара­ға қа­тысқаныма қуаныштымын. Мемле­кеттік «Сы­баға» бағдарламасын кезінде алғаш­қы­­лардың бірі болып Қызылорда облы­сының қолдап, жүзеге асырғанын және жақсы нәтиже көрсет­кенін ерекше атап өткім келеді, – деді министр.
Слет аясында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдері, ветеринарлық техника және жаб­дықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Со­нымен қатар, семинар өткізіліп, онда се­лекциялық мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қа­білеттілігін арттыру мәселелері талқыланды. «Бақытжан» ШҚ (мұнда «әулиеата», «ақбас» және «ангус» тұқымды ірі қара мал өсіріледі) репродуктивті шаруашылық алаңында мал шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мә­селелері бойынша семинар, бейресми кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар өза­ра тәжірибе алмасты.
Дәстүр бойынша слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызметкерлерін 11 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті. Оның ішінде, ауданнан бірқатар азамат марапат тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Үздік ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі» номинация­­сымен «Шіркейлі» АӨК, «Ысамаддин» ШҚ төрағасы Жанарбек Нұрымбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл ша­руашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Ақжарма-2» ШҚ төрағасы Марат Бисенов, «Үздік сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі» номинациясымен «Ақжарма-Инвест» АӨК төрағасы Болат Мақсат, «Үздік шопан» номинациясымен «Абай Дәулет» ЖШС шопаны Асан Әбдібеков, «Үздік құс шаруашылығы» номинациясымен «Жана-Арай» шаруа қожалығының төрағасы Берік Қа­діров және «Мал шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан үздік БАҚ өкілі» номинациясы бойынша аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков марапатталды. Іс-шара концерттік бағдарлама мен ұлттық спорт түрлеріне ұласты.

«ТТ» ақпарат
04 маусым 2019 ж. 1 032 0