ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ОЛҚЫЛЫҚ ЕРІК-ЖІГЕРДІҢ АРҚАСЫНДА БОЛМАЙДЫ

Кәсіби біліктілікті шыңдау барысында үнемі ыждағаттылық пен ептілік әр маманның жауапкершілігіне кіреді. Расында жауапты жұмыстың барысында қателікке бой алдырмау мақсатында оқу-жаттығу жұмысын ұйымдастыру қажеттілігі туындайды. Осы ретте жақында жоспарлы облыс әкімнің орынбасары С.Қожаниязов бекіткен «2019 жылдың өрт қауіпті маусымында Қызылорда облысы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының» 3- бөліміне сәйкес ауданға қарасты С.Сейфуллин, Тереңөзек кенті, А.Тоқмағанбетов аумағында өрт-тактикалық оқу жаттығуы өткізілді. Бұған аудан әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» №7 ӨСБ-і, аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен қатар А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдық округінен арнайы құрылған ерікті жасақшы шоғыры қатыстырылып, бір арнаға жұмылдырылды.
Жалпы оқу-жаттығу барысында тыңғылықты дайындық одан әрі пысықталып, орны толмас шығынға жол бермеу, алдын алу шаралары қарастырылды. Өз кезегінде арнайы қойылған өрт дер кезінде бірлесіп сөндірілді. Оқу-жаттығу барысы қорытындыланып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы А.Оразбеков оқу-жаттығудың нормативке сәйкес өткендігі жөнінде оң бағасын берді. Қаншама күштің ықпалымен сәтті шыққан оқу-жаттығудың пайдасы зор. Маманның қабілетін шыңдау арқылы олқылық орны толады. Маусым барысында аталған мекеме тарапына көптеп шақырту түсу ықтималдылығы жоғары. Сол мезетте барынша тиімді жағын қарастыру негізгі мақсат. Ендеше, қолдан жасалғаннан сабақ ала отырып, тосыннан келер тілсіз жауды ауыздықтауға дайын болу міндет.
Б.ОРДАБЕКОВ