БИЫЛҒЫ ӨЗГЕРІС БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕШЕ
Күн өткен сайын түлектердің білімін таразыға салатын ұлттық бірыңғай тестілеу жақындап келеді. Он бір жылдық білім сынағына осы күні жас талапкерлер тынымсыз дайындық үстінде. ҰБТ-дан жоғары балл жинап, қалаған жоғарғы оқу орнына түсуді қалайды.
Тестілеуді биыл он алтыншы мәрте өткізгелі отыр. Байқасақ ауызша, жазбаша сынақ алуды ескінің қалдығына балап, жаңа жүйеге көшкелі бері бірде бір тестілеу науқаны тыныш өтпепті. Үнемі айқай-шу, дау-дамай. Әйтеуір, жыл сайын білім саласының басы-қасындағылар жан-жақтан жебедей жауған сынның астында қалып жатады. Әрине, біреуі біліп сынайды, біреуі білмей сынайды, енді біреуі “ойдағым болмады” деп бар кінәні жүйеге арта салады. Алайда, тестілеудің қарын аштырар тұстары бар екені ақиқат. Тестілеу сұрақтары қанша жерден мемлекеттік құпиялар қатарына енгізілсе де, әлі күнге дейін дұрыс жауаптардың саудаға түсуін ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Есіңізде болар, осыдан бірнеше жыл бұрын жаңақорғандық түлектердің 90 пайызы бірдей балды жинап, айды аспаннан бір-ақ шығарған. Сынақтағы сауатсыз сұрақтар да бас ауруына айналып кетті. “Абылай хан мінген аттың тісі қанша?” деген ойға қонымсыз сұрақты естіп, таңқалғанымыз бар. Биыл аттың тісін санайтын ондай күреңбайлар жоқ әйтеуір. Мұнымен қоса шоу бизнес өкілдерінің киген киімі, ішіп-жемі де сөз болып жүр.
Қайбір жылдары “шаш ал десе бас алатындар” ұлттық біріңғай тестілеу тапсыруға келген өрімдей қыздарды шешіндірген еді. Шекарадан өткендерді бұлай тексермейтін. Ал басына парик киіп, қызының орнына тест тапсыруға келген жігіттің әрекеті тіпті жаға ұстатты. Осындай дау-дамаймен өтетін сынақ бірнеше жылдан бері тынышталып қалды. Себебі де бар. Ол екі рет яғни, алғашқысы мектеп қабырғасында емтихан тапсырып, кейін тек “жоғары білім аламын” деген оқушылар тестілеуге өтініш беретіні. Биыл тестің жайы тым өзгеше. Бір емес төрт кезеңнен тұрады. Бұл ақылы негізде оқимын деген оқушы үшін қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында кезең-кезеңмен өтеді. Ал мемлекеттің тегін грантында оқимын деген түлек тек маусым айында ғана сынаққа кіре алады. Қаңтар айында ҰБТ тапсырып, тиісті шекті ұпайды жинағандар құжаттарын алып ЖОО-ға шартты түрде қабылданады.
Соңғы жылдар ауданның білім саласы үшін жарқын жетістіктерге толы жемісті болды. Аудан ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушылар биік белестерді бағындырып, абыройды асқақтатты. Аудан мектептерінің орта мектеп курсын 2017-2018 оқу жылында 338 оқушы бітірді. Олардың 216-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Аудан бойынша 2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ-ға қатысқан 216 түлектің 157-і мемлекеттік білім беру грант иегері атанса, 21 оқушы облыс әкімінің және 2 оқушы ректор грантын жеңіп алды. Сонымен қатар, өткен жылы 20 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. «Үздік директор – 2018» байқауында №129 Ә.Жәмішев атындағы орта мектебінің директоры Ж.Назаров жеңімпаз атанды.
Қазіргі таңда ауданның жас талапкерлері “Жалын” тынығу лагерінде арнайы оқу-жаттығу, дайындық курстарына қатысып, білімдерін одан әрі толықтырып жатыр. Білім деңгейін көтеру жолында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Ал, барлық ата-анамен ұстаздар үшін артқан үмітті қанша оқушы ақтайтыны беймәлім, әрине...
Жақында, аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен ҰТБ-ға қатысты мәжіліс болып, оған дайындық барасы пысықталды. Кемшіліктер де айтылды. “Балапанды күзде санайтыны” секілді, ұстаздар еңбегінің таразы басына түсетін сәт те алыс емес. Әлі де дайындықты ширату керектігі, ұстаздардың жауапкершілігін арттыру жайы да сөз болды.
Мәжіліске сала ардагерлері қатысып, сөз сөйледі, жас түлектерге сәттілік тіледі.
Майя ҚОЖАБАЙ