Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАР БРИГАДАСЫ ҚҰРЫЛДЫ

ЖАСТАР БРИГАДАСЫ ҚҰРЫЛДЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Ол жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп келді. Алып күш иелерін қоғамның бір бөлігі ретінде маңызды рөл атқаратынын білетін Елбасы өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады.
Соған орай осы жылдың басынан тиісті жол картасы әзірленіп, елімізде жастармен жұмыс қарқын алды. Тұңғыш Президенттің қатысуымен салтанатты түрде «Жастар жылының» ашылуы өтіп, онда негізгі басымдықтар айқындалды. Оның ең негізгілері жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Осы тұрғыда, аймақ көлемінде де айшықты шаралар ұйымдастырылуда.

Қозғаушы күш – жастардың әлеуетін көтеру туралы тапсырма ауданда жүйелі жүзеге асуда. Жастар жылының салтанатты ашылуы ауданда да өтіп, аудан әкімі Ғ.Қазантаев қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Келелі жиында аудан басшысы болашақтың иелеріне осы жылдың аясында белсенді болуды, кәсіппен айналысуды, қоғамға өздерінің пайдасын тигізуді атап айтты. Кейінгі толқынның әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу, жас адамдардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отырғанын тілге тиек етті. Бұл арада, қолжетімді және сапалы білім, жұмысты болуы, баспана және отбасын құру мүмкіндігі басты назарда екенін жеткізіп, тиісті тапсырмалар берген болатын. Міне, сол салтанатты жиыннан кейін аудан басшысының нақты тапсырмаларының нәтижесі көріне бастады. Атап айтқанда, жастар жұмыспен қамтылуда. Оған дәлел ретінде айдарлылық жастарды атауға болады.
Айдарлы ауылында өзге ауылдардағыдай ірі шаруашылықтар жоқ. Аяқ судың тапшылығынан бұл жақта егін егілмейді. Десе де, өткен жылы ауыл өнімі Ресей мемлекетіне экспортталды. Бақшалық дақылдар егіліп, оның пайдасын көрді. Мұны «Орда» шаруа қожалығының төрағасы Досхан Болатұлы Жүнісов іске асыруда. Елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер биылғы жылы ауыл жастарына да өз қамқорлығын көрсетуде.
Негізі, Жастар жылының салтанатты ашылуынан соң айдарлылық өрендер жастар бригадасын құруға талпыныс жасаған. Ауылдағы жұмыссыз жастар бас қосып, бұрынғылардың ізімен жастардан бригада құрып, еңбек етуге шешім қабылдайды. Мұны ел ағалары қолдап, жігерлі жастарға мүмкіндік жасайды.
– Салтанатты шарада аудан басшысы нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде, осы ауылдарда жастар бригадасын құру керектігін айтты. Сол жиыннан кейін ауыл жастарының серпілісін байқадық. Жұмысқа ынталы. Содан ауылдық Қоғамдық кеңес мүшесі Әбдіғани Әбсаттаровпен бірге Досхан Болатұлына бардық. Қасымызда жастар да бар. Мәнжайды айтқаннан кейін шаруа қожалық төрағасы жастарға қолдау білдіретінін жеткізді, – деді ауыл әкімі Ғ.Дүйсебеков.

Әуеліде төраға жастардың немен айналысатынын білгісі келіп, бизнес жоспар жасап келуді тапсырыпты. Ауыл жастары бар ынтасын салып, үш күннің ішінде мал азығы болатын жоңышқа егуге құлықты екендіктерін білдіріп, бизнес жоспар әзірлеген. Кейінгі толқынның мұндай жігерлілігін көрген кәсіпкер сол арада жастар бригадасына қолдау жасайтын болып келіседі.
Қазір ауыл жастары шаруашылықтың бір бригадасы саналады. Оның бригадирі – Әбдіғани Әбсаттаров болса, агроном – Әлімхан Баһадүров. Ал жастар бригадасының жетекшісі – Зейнулла Жүсіпов. Бұл бригаданың жас мүшелері – Ерболат Шәбенов, Айдос Тұрсынбаев, Дулат Смайлов, Алмат Оспанов және Ералхан Жамалханов. Бүгінде жастар бригадасы көктемгі жұмыстарға кірісіп кеткен. Кәсіпкер жоңышқа, сүрлемдік жүгері, бақша дақылдарын егуді жоспарлап отырса, сол егістікті қоршау жұмыстарын жігерлі жастар тындырып қойған. Сондай-ақ, аяқ су келетін каналдарды тазарту жұмыстарын да жүргізген. Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарына техникаларын сайлап алу үшін жөндеу жұмыстарына бел шеше кіріскен. Алдағы уақытта тұқым себу жұмыстарын жасайтын болады.
– Жастардың жұмысқа деген ынтасы зор. Осы көктемгі жұмыстар басталғалы бері қастарында жүрмін. Егістік жерлерді қоршау жұмысын әп-сәтте бітірді. Жастар – алып күш иесі ғой. Қандай жұмыс айтсаң да бірлісіп бітіріп тастайды. Бұлардың жастар бригадасын құру туралы бастамасы жөн болды. Өздері еңбек етіп, соған сай еңбекақысын да алады. Осындай жігерлі жастар көп болса, кез келген іс біте береді. Алда жоспар көп. Болашақта жастар бригадасына ат қойып, аудан жастарына Үндеу жолдасақ дейміз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары шұбартаулық, сырбойылық жастардың мал, күріш өсіру бағытындағы комсомол жастар бригадасы құрылғаны тарихтан белгілі. Тәуелсіз елдің жалынды жастары ретінде сол жақсы үрдісті жалғастырып, жастардың пайдалы ата кәсіпті жалғастыруына мұрындық болсақ. Сөйтіп, ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғасын табар еді, – дейді бригадир Ә.Әбсаттаров.

Иә, айтқандай-ақ кемел келешектің иелері – жас толқын. Олар жастайынан қызу еңбекке кірісіп, жұмыс жасаса болашақ бұлыңғыр болмайтыны анық. Оның үстіне «ауылда жұмыс жоқ» деп жата бермей, осы айдарлылық жастар секілді жастар бригадасын құрып, бірлесе еңбек етсе, оның да игілігі көп. Ынталы жастар болса қолдау әркез табылады. Сондықтан алып күш иелері ауылдың гүлденуіне өздерінің елеулі еңбегімен үлес қосуы қажет.

Биыл Жастар жылы екені баршаға белгілі. Елбасы әркез мемлекеттің қозғаушы күші саналатын жастарға сенім артып келеді. Сол сенімнің нақ үлгісін осы жылы көрсету керек. Сондықтан Жастар жылы аясында жалынды жастар жігерлік танытып, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосу керек.
Міне, осыған байланысты Айдарлы ауылының өрендері жастар бригадасын құрдық. Бұл бригада мүшелері ауылдағы тіршілікке етене араласып, елді мекеннің дамуына ерекше ықпал етері сөзсіз. Біз өз еңбегіміз арқылы осы өңірдің гүлденіп, көркейгенін қалаймыз. Сондықтан жастар бригадасы алдағы арман-мақсаттарымызды орындауға көп септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ауыл жастарын еңбек етуге шақырамыз.

Зейнулла ЖҮСІПОВ,
жастар бригадасының жетекшісі
Ел ағаларынан қолдау болған соң ауыл жастары жиналдық. «Жұмыс жоқ» деп жата берудің жөні жоқ. Ерінбей еңбек етсең одан жаман болмайсың. Осыны ұстанған ылғи сайдың тасындай білекті жігіттер жастар бригадасын құруды ұйғардық. Күнделікті жиналып, ақылдасамыз. Содан осылай жастар бригадасы құрылып, ел ағалары демеу көрсетті. Осы көктемнен бастап жұмысқа кірісіп, егістік алқапқа бардық. Дала жұмыстарына араласып, тиісті жұмыстарды жасап жатырмыз.

Айдос ТҰРСЫНБАЕВ,
жастар бригадасының мүшесі:



 Дайындаған: Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
24 сәуір 2019 ж. 856 0