ҚОҒАМ ДЕРТІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС
ҚОҒАМ ДЕРТІ БОЛҒАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС. ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДА НАҚТЫ ШАРАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП, ОҒАН ЖОЛ БЕРГЕНДЕР ЗАРДАБЫН ТАРТУДА. МҰНЫ БОЛДЫРМАУ ТҰРҒЫСЫНДА КЕЛЕЛІ ЖИЫНДАР ӘРДАЙЫМ ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕДІ. ЖАҚЫНДА «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ.
Оған аудан прокуроры Е.Алмазұлы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, Қызылорда облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының Сырдария ауданы бойынша бас маманы К.Нұрымов, аудандық полиция бөлімі бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары Д.Әбілқасымов, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева және сала қызметкерлері қатысты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбындағы жиында аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева шараның мақсат-міндетіне тоқталды. Басқарма қызметкерлері тарапынан қандай да бір сыбайластық құқық бұзушылықты болдырмау, оның алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оның жауапкершілігі және кері әсері негізгі мақсат екенін айтып, қауіпті кеселге қарсы тұру шараларын жеткізді. Жемқорлыққа жол бермеу баршаға міндет екенін атап, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне сөз кезегін ұсынды.
Өз сөзінде аудан прокуроры Е.Алмазұлы өткен жылғы және биылғы есепті кезеңдегі статистикалық көрсеткішті айтты. Бұл мерзімде ауданда сыбайластыққа қатысты құқық бұзушылық тіркелмеген. Десе де «орын алған жоқ» деп босаңсымай, халықтың жауапкершілігін арттыру барысындағы жұмыстарды тоқтатпауды ескертті. Әрбір жауапты тұлға өз деңгейінде халық арасында, мекеме қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырса, оның игілігі көп болмақ. Бұл пікірге аудандық полиция бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары Д.Әбілқасымов та қосылды.
– Жемқорлықпен күрес – мемлекет алдындағы өзекті мәселе. Әрбір мемлекеттік орган осы бағытта жұмыс жүргізуде. Рас, аудан бойынша өткен жылы сыбайластыққа қатысты қылмыс тіркелген жоқ. Дегенмен, тоқмейілсуге болмайды. Әрі қарай жұмысты жандандырып, түп-тамырымен жоюғы күш салу қажет. Мұндайға жол бермеуді әркім әсте естен шығармауы тиіс, – деді подполковник Д.Әбілқасымов.
Сондай-ақ, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі бас маман К.Ермағанбетов жемқорлыққа жол бергендердің қылмыстық жауапкершілігін атап көрсетті. Яғни, сыбайластық фактісімен әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалғанда айыптының өміріне қара дақ түседі. Өмір бойына мемлекетік қызметтен шеттетіліп, қылмыстың кесірі тимек.
Дөңгелек үстелде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов қоғам дертіне қатысты партияның бағдарламалық жобаларын атап өтсе, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып аудандық партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес жұмысына тоқталды. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тұрғысында түрлі шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын тілге тиек етті. Дөңгелек үстел барысында аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаева бұл кеселмен күресте әрбір адам атсалысу міндет екенін айтып, жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.
Е.БЕРКІНБАЕВ