Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РОБОТОТЕХНИКА: БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

РОБОТОТЕХНИКА: БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Жақында Қызылорда қаласындағы “Болашақ” университетінде “KazRoboSport – 2019” және “KazRoboProject – 2019” республикалық чемпионаттың облыстық кезеңінен №36 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушылары Ырысдәулет Рыстай мен Бақытжан Әкімжанұлы жүлделі үшінші орын иеленді. Оқушыларды робототехникаға үйретіп, баулыған мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Әйгерім Әмзеева жарыстың іріктеу кезеңінде 300-ге жуық қатысушы бақ сынағанын айтты.
РобоСумо аталатын роботты сайысқа қосқан сырдариялық өрендер өз қолдарымен роботты құрастырып шыққан. Олардың бұл қызығушылықтары мектеп қабырғасында робототехника үйірмесінің ашылуымен байланысты. Сабақтан тыс уақытта үйірмеге асығатын оқушылар болашақта робот ең қиын да күрделі жұмысты атқаратынына және адамға көп көмегін тигізіп, жұмыс қолын азайтатынына сенімді. Жас конструкторлар күн сайын жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, жетекшілерімен жаңа есімді роботтар құрастыруда. Солардың ішндегі ең жүйрік, әрі ақылды робот Сумоны осы сайысқа әкелгендері бекер емес. Жүздеген қарсыластарын басып озып, жарыс жолында жүйтки жөнелген Сумо жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жалпы Қазақстанда робототехниктерді бір жүйеге біріктіруді, одан тәжірибе алмасуды мақсат еткен “КазРоботикс” қызметі республикада спорттық робототехниканы дамытуға бағытталған қоғамдық ұйым. Ұйымның басым міндеті балаларға робототехникамен айналысуға, халықаралық жарыстар мен олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беру болып табылады.
Мектепте робототехниканы қосымша сабақ ретінде өткізуге ден қойған білім беру саласында қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Оны үйрететін ұстаздар қауымы да білім жетілдіру курстарынан өтіп, шәкірттерге жаңа технологияны меңгертуде. Осындай сайыстарда бақ сынаған оқушылар әлемнің көкжигін тануға бір табан жақындай түсуде.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
20 сәуір 2019 ж. 720 0