Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «РИТМ» АНСАМБЛІ – БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ

«РИТМ» АНСАМБЛІ – БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ

Музыка жан дү­ниеңді өзге бір әлемге жетелеп, көңіл пер­несін дөп басады. Ондағы тылсым күш жү­рек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаласың. Талай дарын ие­лерінің бесігін тербеткен дархан дала қасиет пен тектіліктің мекені. Сыр ана топырағы теңіздей тол­қыған өшпес­тің отын маз­датқан өнер жұлдыздарын дүниеге әкелді.
«Ритм» вокалды аспапты ансамблінің құрылғанына бүгінде 45 жыл болды. Тек жанды дауыста ән шырқап, көңіл сарайына нұрын төгетін ансамбль 2012 жылы халықтық атағын алса, 2016 жылы атақты қайта қорғады. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі музыка майталманы, композитор Серік Байдәулетов соло гитарада ойнайды. Оның шырқаған әндері ән сүйір қауымының талай қошеметін алған. Ритм гитарада Бекзат Сәдуақасов, бас гитарада Жәнібек Әбдіреев, күйсандықта Махмут Сақтапов, барабанда Дастан Палмахов өнер көрсетеді. Жас әнші Дастан қазіргі таңдағы ансамбльдің жетекшісі. Ансамльдің дыбыс инженері Мақсұт Сағаловтың да еңбегін айта кеткен жөн.
Жыл сайын есеп беру концертін өткізетін өнер ұжымы өзінің бай репертуарымен мақтана алады. Әсіресе, облыстық, ТМД елдері арасында, халықаралық рок музыка байқауында орындаған шығармалары жүлдегер атанғаны белгілі.
Жақында «Ритм» вокалды аспапты ансамбль «Мереке» вокалды аспапты ансамбльдің 30 жылдық мерейтойына қатысты. Ансамбльдің мерейтойына орай өткен облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алған «Ритм» ансамблі аудан мерейін асырды. Ансамбльдің орындауындағы ән қазылар алқасы тарапынан ең жоғары жүлдеге лайық деп танылды. Өнер ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.

Б.ЖАНӘЛІ

20 сәуір 2019 ж. 974 0