АШЫҚТЫҚ. БАЙЛАНЫС. ЖАУАПКЕРШІЛІК.
Тұрғындарға аудан көлемінде полиция бөлімінің мамандары тәулік бойы қалтқысыз қызмет етуде. Қоғамда түрлі жағдайға тап болу күнделікті өмірде кездесіп жатады. Сонда заңдылығына жүгінген маман мен жеке тұлға арасында түрлі түсініспеушілік орын алып жатады. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында тиісті шаралар легі жалғасын табуда.
Соның айқын дәлелі, аудан тұрғындары арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында кент орталығында облыстық Полиция департаментінің бастамасымен аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Жолда қабылдау» акциясы өткізіліп, азаматтардың талап-тілектері тыңдалды.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген аудандық полиция бөлімінің басшысы Е.Сағидуллаұлы жұмысты ашықтыққа негіздеу, құқықтық кеңес беру, Заң талаптарын түсіндіру басты мақсат екенін атап өтті. Сонымен бірге, аталған акция құқық бұзушылық әрекеттерін азайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді. Өзге де аудандық полиция бөлімінің мамандары жан-жақты заңдық тұрғыдан белгіленген ақпараттарды көпшлікке жеткізді.
«Жолда қабылдау» акциясында ішкі істер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін шығындарды қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі туралы құқықтық кеңестер берілді. Мол мүмкіндікті пайдаланған тұрғындар жолда жүру ережесінің негізгі қағидаттары жайында мол мағлұмат алды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ