ӘРІПТЕС МЕРЕЙІ
Биылғы жылы да дәстүрге сай Ұлыстың ұлы күнін дүбірлетіп, думандатып тойладық. Осы айтулы мереке аясында «Облыстық ішкі саясат басқармасы» ММ және «Руханиятты қолдау» қоғамдық қоры «Ұлыстың ұлы күні» атты фото-байқау интернет-акциясын ұйымдастырды.
Ондағы негізгі мақсат – Наурыз мерекесінің халқымыз үшін маңыздылығын дәріптей отырып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және оның мәртебесін көтеру, жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты ояту, шығармашыл қауымның қабілетін шыңдау болып табылды. Аталмыш фото-байқауға аймақтан тілшілер, әуесқой фототілшілер, блогерлер, әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларынан 12 үміткер қатысты. Оның ішінде, 80 жылдық тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков те бар.
Байқау шарты бойынша «Facebook» әлеуметтік желісін қолданушылар Наурыз мерекесін тойлау барысында түсірілген ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарды, қазақ тағамдарын дәріптейтін сапалы суреттерді өз парақшаларында орналастыруы керек болатын. Әріптесіміз осы талаптарды орындау барысында аудан орталығында және Шаған ауылында дүбірлеп өткен думан тойдың суреттерін өз парақшасына жариялады. Ұлттық құндылықтардан фоторепортаж жасады. Соның нәтижесінде, Б.Ордабеков облыстық интернет-акциядан бірінші орынды жеңіп алды. ІІ орынды «Сыр медиа» ЖШС-ның фото-тілшісі Нұрболат Нұржаубай иеленсе, жүлделі ІІІ орын шиелілік «Жылы жүрек жастар» қайырымдылық қорының волонтері Әйгерім Әмірханға бұйырды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал әріптесіміз Балтабай Ордабековке «мерейің үстем, жеңісің құтты болсын» дегіміз келеді.
Е.БЕРКІНБАЕВ