Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 36 газет

07 мамыр 2024 ж.

№35 газет

04 мамыр 2024 ж.

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Жазық даладағы айғырлар патшалығы

Жазық даладағы айғырлар патшалығы

Алдымда құйрық-жалы күжірейген кәдуілгі айғыр тұр. Бір орнында тыпыршып, ауыздығымен арпалысқан көз жаңарынан айналаны мұқият бақылаған кәдуілгі айлакерді көргендей болдым. Жиі-жиі басын төмен түсіріп, айналасына назар аудармаған кейіп танытады. Әсілінде, ішінде бір бүккені бар секілді. Жер тырнаған айғыр, жазық дала әміршісіндей қаһарлы. Кейде қабағынан қар жауып, тіксініп қалады. Оңашалана қалса, манына өзгені жуытпайды. Өзі әлденеден секем алса, бойын тез жинап ала қояды. Сондықтан да бар қасиетті бойына жиған оның сан қырлы қарекетіне адам баласы тәнті болатыны сөзсіз. Бұрыннан келе жатқан тектілік тұрпаты бұлардың нағыз бір-біріне берілетін династиялық үрдіске айналған. Адамнан басқаға көндікпейтін олардың тізгінін жібере қалған жағдайда құлаш сермеп, жазық даланы, шалғай кеңістікті аңсап тұрады. Асау мінезді қалпынан таймайды.

Бір жағынан, адалдығы мен байсалдылығы, ажал құшса да сақтап өтетін тазалығы қанмен келген ерекшелік. Ыза жерден сыз өткізбеген тұяғында айрықша жүйрікке тән жігері өзгеге мықтылығын танытады. Борша-борша қара терге малшынған сайын жаны кіреді. Қарамағындағы биелерге еркіндік бермей айбат шегеді. Әңгімеміздің әлқиссасын айғырдың мінезінен бастауымыздың өзіндік себебі бар.
Тоғай ішінде қоршаған ортаға бейім барлық тіршілік иелері мекен етеді. Олардың мәңгілік өзгермейтін заңы, әрқайсысы салып кеткен өзіңдік қағидасы, бұлжытпас, орындалуға тиіс тәртібі бар. Жылқы атаулының жазық далада патшалық құруы қарапайым адамға беймәлім дүние. Жол шетінен жайылымдылыққа зер салсаңыз дым болмағандай жайылып жүрген жылқыдан ештеңе байқай қоймайсыз. Дегенмен, олардың ұстанымы айрықша си­патқа ие. Шағын әулеті, олардың патшалығы болады дегенге сенесіз бе? Қазақы жылқының піріне айналған Қамбар атаның адам өміріне сән беріп адамның сенімді серігіне айналғанын саусақпен санап дәл айта алмаспыз. Бірақ ғасырлар бойы қазақ тұрмысында жылқы бағудың айрықша үлгісі қалыптасқан десек қателеспейміз.
Бірде наурыз мерекесінде кент тұрғыны Асылбек Ахметовтың шаңырағына арнайы барған болатынбыз. Кенет қорасында жайылып жүрген жылқының барын көріп, кәсіпкерді сөзге тартып біраз әңгімелестік. Жастайынан жылқы бағуға әуес болған ол айғырдың қасиетін айтқанда таңырқағанымыз рас. Жалпы алғанда, айғырдың ерекшелігі үйірін көктемнің алғашқы айында жинап, қарамағына алады екен. «Он үште отау иесі» деген қағида бұлардың арасында да қатаң сақталады. Жас айғырлар жылқылардың басын қосып, отбасы мүшелерін жасақтайды. Он-он бес жылқыны алдына салып, бір-біріне үйретеді. Үйрету процесі жарты ай мен бір ай көлемінде жүзеге асады. Үйірді иемдену айғырдың басты міндеті саналғандықтан үйірді жинап, үйрету наурызда орын алмаса басқа айларда бастары қосылмайды. Жылқы ұстайтын әр үйде бес-алты биеден болса, соған еге болып жүретін айғырды бақташы сайлайды. Наурызда үйретіле бастаған айғырды сәуірдің ортасына дейін ұстайды. Айғыр да адам баласы тектес әрекет етеді. «Еркектің де еркегі бар» демекші, бұлардың арасында қаталы, мінездісі, момыны, жуасы, қатыгезі, айбаттысы, сотқары бар. Олардың ішінде, биеге де әлі келмейтіні болады. Өмірде еркектің кейбір әйелімен тайталаса, сөзін өткізе алмайтындығы секілді.

Шындығында, айғыр бір ғана мінезділігімен басқасынан дараланады. Үйірді жылқыны алдына салып, айдайды. Өріске жайылымға шығарып бақылайды. Қадағалап тұрғанда көзбен үйірдің мүшелерін санап тұрады. Бас­таушы болған айғыр әр екі жүз метр сайын жылқыны қайырып, түгендеп отырады. Мұндағы мақсат иелігіндегі биелердің басқа үйірге қосылмауын қадағалау екені айтпаса да түсінікті. Үйірдің белгіленген аймағын айғыр анықтап, сол төңіректен биелерін шығармай ұстауға тырысады. Табиғат заңдылығына бағынған бұлардың ішінде ішкі жаулары баршылық. Жас құлынды жеуге ұмтылған, ашкөзділік танытқан қасқырды мықты айғыр үйіріне шапқызбайды. Көзінің қарашығындай сақтайды. Адам өміріндегі мұңсыз, айналасындағылармен шаруасы жоқ, өздігінен босаңси түсетін кейбір қасиет айғырлар арасында кездеседі. Мұндай айғыр бет алды лағып, өз алдына жорытып, биесі мен құлыны қайда қалғанын білмей қалады. Қасқырларға құлынын жем қылған айғырды өз арасында «қорқақ айғыр» есебінде санап, мықтылар арасынан шеттетеді. Кейде бір сөзді адамның болмысы тегеурінді көп жасаған айғырдың мінезінен байқалады.
Айғырлардың арасында туындайтын бақталастық патша сарайындағы таққа талас секілді көрінеді. Мықтылығы мен пәрменділігін көрсетуге оқталған олардың төбелесі мен жанжалы өз алдына бөлек әңгіме. Өз мықтылығын байқатқан ішіндегі сотқары келесі бірінің бүйірінен теуіп, бағындыруға тырысады. Олардың тұяғы мен тісі күш-жігерін көрсетеді. Барынша төбелеске бейім болуы үшін, қорғаныш қасиеті оянуы үшін айғырды тісі шықпай үйірге қоспайды. Тісі шықпаған айғырдың айтқанын бие де істемей басынып алады. Айғырдың азу тісі пышақтан да өткір. Азу тісін салғанда бас салып сойып жібереді. Бір затты қысқанда әп-сәтте тісімен бес тоннаға дейін көтеруге қауқары жетеді екен. Айғыр өз құлынын үйірден алыс ұстап, уақыты келгенде шығарып тастайды. Өз баласына шаппайды, еш уақытта тиіспейді. буыны қатайғанша қарауына алып, кейіннен өз үйіріне қосуға бейімдейді. Кетпеген жағдайда бөлектетіп, қуып тастайды.
Асекең біруақ әңгімеден кейін қорасындағы екі айғырын көрсетті. Біріншісі – арабқа шатыс, тұқымы бөлек екен. «Қара­төбе» деп аталатын айғырдың бітімі басқаға ұқсамайды. Қасындағы жеті жасар айғырдан біршама денелі, салмақты, ірі екендігін байқатады. Бұл жылқыны алудағы бірден-бір мақсат – будандастыру болып табылады. Қазақтың айғыры мен арабқа шатыс «Қаратөбе» келешек екі әулеттің басшысы іспетті қарама-қарсы тұр. Екеуінің қасиеті бір-біріне ұқсамайды. Қазақтың жабағы аты ешқашан шаршамайды. Азаннан-кешке дейін мініске арналған. Ал, «Қаратөбе» келгені көп болмаса да, егесіне жалқаулығымен танылған. Мұны көпшілік «етті мал» деп атап кеткен. Осы күні он бастан ұстаған айғырдың ауа-райына байланысты да саны артып, кейде азайып отырады. Айғырдың қуаты жеген азығына байланысты. Қарамағындағы он биеге күші жетуі үшін күнделікті күйі мен ауқатына тікелей әсері бар. Отыршылыққа кейіннен кел­ген ата-бабамыздың қыр­ басына кететін себебі жыл­қыға құнарлығы мол азық тауып беру екен. Ертеден келе жатқан дәстүр бойын­ша мал жайылымы кеңейіп, қазақ жерін жауы­­на бермей сақтап қалған. Көшпен­ділердің тарихына аз ғана болсын қолтаңбасын қалдырған мал­ ша­руашылығына тіке­лей қа­тысты жылқының ба­­­­­­бы­ның болуы жақсы азықпен қоректенуі. Жыл он екі ай­ға бөлгенде үйірдің шамасын бақылау оңайға соғу үшін айғырға мүмкіндік беріледі. Әр айға бір жылқыдан будандастыру жоспарға алынады. Нарық бағасында қымбатқа бағаланатын қазақтың жабысы үлкендігімен әлемге әйгілі. Қазақы жабының қауқары бір үйірде жиырма бес жылқы ұстауға дейін шамасы жетеді. Олар жазық далада жайылымға шығады.
Жылқы малының сәйгүлігі жұртшылық қызығатын сұлулығымен таң-тамаша қылады. Бәйгеге шабатын жыл­қының әсем көркіне көз тоймайды. Бұларды бақ­ташылар пайда әкелетін бағытта ұстайды. Бар жағдайын жасап, арғымақтың күтіміне көп көңіл бөледі. Мал санын айтуға болмайды дегенді берік ұстанатын Асылбек Ахметов он сегіз жастан бастап жылқының жай-күйін зерттеген. «Өз күнін өзі қамтамасыз етіп, күнкөріс қамын жасау барлығының қолынан келеді. Тек еңбетене білу керек. Кәсіпті сүю, барынша жағдай жасау кез-келген адам бойынан табыла бермес» – дейді кәсіпкер.
Бұрыннан түйе мен сиыр сүті әйел затына пайда­лылы­ғымен есте қалған. Жылқының саумалы мен қымызы адамның бойындығы алпыс екі тамырдың жұмысын қа­лыпты жасауына септігін тигізеді. Бастысы, еркектің қуаттылығын арттыруға тікелей қатысты. Жалпы айғырдың жаман қасиеті қызғаншақтығы. Қазақта қалған «шөп-шәңгі» сөзі жылқының тамаққа тәбетіне қатысты айтылған. Қызғаншақтығы соншалық бөтен адам үйірін түгелдегенін көрсе, бес шақырым жерден шауып келіп, тістейді. Биемен құлын қатар жүрмесе тістеп-шайнап тастайды. Бұларда «менің балам-ау деген қасиет» жоқтың қасы. Табиғаттағы мия, жантақ тағы да басқа шөптерді жеу арқылы өзіне керекті дәруменді алады. Ұғымда «жылқы тұяғын төсемейді» деген бар. Қанша құласа да бойын жинап алады. Қалай қылғанда да аяғын алып үлгіреді.

Тағы да айта кететін жәйт, жылқының тепкенінен есектің тепкені адамды өлтіріп жібереді. Буаз жылқыны балшыққа батқанда суырып алып шығарған жағдайда аунатуға еш уақытта болмайды. Ішіндегі құлын аунаған мезетте сағатша теріс айналып, бие секундта өліп кетеді екен. Жылқының дертіне келер болсақ, маңыздысы шеміршектің зақымдануы, таңдайы ісіп кету, азу тістің ауруы жиі кездеседі. Осылардан мұқият сақтанып, арнайы маманға тексертіп отыру қажет. Жалпы, жылқының өмір сүру ұзақтығы жиырма үш жылды құрайды екен. Бие үш жастан төрт жасқа қараған шағында қашып, алғашқы құлынын туа­­ды. Қысыр қалып, қашпаған уақытты санамаған жағдайда кемінде сегіз рет тууға күші жетеді.
Кезіндегі тақ басындағы патшаның шұбырған әйелі болғанындай айғырдың да әр биеде өз еншісі бар. Бір үйірде топ биені сыртқа шашау шығармай ұстаудың өзі расымен де мықтылық. Жазық далада топырлаған биенің ешқайда кетпеуін қадағалау, барлығына әмірін жүргізу арқылы шағын мемлекетті қалыптастыру өмірлік ұстаным. Айғырдың патшалық тегеуріні бізге жұмбақ күйде қалатыны сөзсіз. Ойын оқи алу мүмкін емес екендігі айдан анық. Бәлкім, біз білмеген айғыр патшалығының ұстанған саясаты бар шығар. Оны да адам баласы ұға алмас. Бірақ, жылқы малы адамның сенімді серігі болып қала береді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
09 сәуір 2019 ж. 1 685 0