Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛОРДА МЕН ЕЛБАСЫ ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛДЫ

ЕЛОРДА МЕН ЕЛБАСЫ ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛДЫ

Уақыт – бәріне сыншы, уақыт – бәріне төреші. Осыдан 20 жыл бұрынғы кезеңді ой елегінен өткізсек, Ақмола бүгінгідей асқақ Астана болады деп ойлаған жоқпыз. Алайда, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде арқа төсінен бой көтерген ару да әсем шаһар еліміздің брендіне айналды.
1994 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Жоғарғы Кеңестің сессиясында мемлекет астанасын көшіру туралы ұсынысын ортаға сал­­ды. Бұл ұсыныстың еліміз үшін аса маңызды тарихи шешім болатынын дәл сол кез­де көпшілік тереңнен ұғына қой­мағаны сөзсіз. Дегенмен, Елбасының көрегендігі мен табандылығы ел мүддесімен үндесіп жатқанын түйсінгендер қатары көп кешікпей көбейе берді. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсанында егемен еліміз үшін жаңа тарихи кезең басталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі, яғни, мемлекеттің астанасын көшіру туралы бастамасы дәл осы күннен бастап ресми жүзеге аса бастады. Сарыарқаның сарышұнақ аязы буып тұрған сәтте Мемлекеттік Ту, Елтаңба эталондары, Президент штандарты жаңа Астанаға әкелінді. Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи сәттің үстінде елжіреп, толқып сөйледі. Осылайша, ұлт рухын дүр сілкіндірген ұлы көш басталды.
Екі ғасырдың тоғысында орын алған қиындықтарға қарамастан мемлекеттің жаңа астанасын айқындаған Қазақстанға сол кезде бүкіл әлем қауымдастығы түрлі қөзқараспен қарағаны жасырын емес. Бірақ жас мемлекеттің кемел келешегі, болашағы баянды болуы үшін осындай қадам жасауға бекінген Нұрсұлтан Назарбаев алған бағытынан айнымады. Тәуекелге бел буып, жаңа астананы, жас қаланы салуға кірісіп кетті.
Астана бүгінгі таңда халықаралық қауымдастық таныған, мойындаған даңқты қалаға айналды. Елбасымыздың асқақ мақсаты орындалды. Сондықтан да Қазақстанның дамуына серпін берген жаңа елордамыздың авторы Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылық сезіммен «Астана – Елбасының ерлігі» деп айтамыз.
Бас қаланың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы қабылданған шешім өте орынды әрі құптарлық іс болды. Өйткені, қаланың бүгінгідей жетісікке жетуіне Елбасы өлшеусіз еңбек сіңірді. Тіпті, елорда мен Елбасы егіз ұғымға айналды. Мұның бәрі түптеп келгенде, елдігімізді, құрметімізді көрсетеді. Енді біз, әсіресе жас буын өкілдері ел үшін де, Елбасы үшін де, елорда үшін де марқайып жүретін болдық. Лайым, бас қаламыздың даңқы асқақтай берсін! Ұлы дала тарихына «Елорда салған – ер қазақ» болып жазылған Нұрсұлтан Әбішұлы мен еліміздің жүрегіне айналған елордамыздың мерейі үстем болғай!

Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария ауданы әкімінің көмекшісі–
баспасөз хатшысы
28 наурыз 2019 ж. 935 0