ШУАҚТЫ КӨКТЕМДЕГІ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕ

Қазыналы қарты мен ақ жаулықты анасы бастаған ағайын қазақы қалыптан айнымағанын аңғардық. Киіз үй жанында көпшілік қауым шоғырланып, дәстүр сабақтастығымен біте қайнасқан ауыл тіршілігі хақында көрініс қойған болатын. Алтыбақан маңайында қыз бен жігіт қатары көбейіп, бір-бірімен сырласуда. Ауыл келіндері жиналғандарға қазақы дәмнен ұсынып, үлкендерге сәлем салды. Халық арасына Қыдыр ата келіп, ақ батасын берді. Аналарымыз жаңа жылды жақсылықпен бастау үшін айналаны аластап, ескі жылды шығарып салды. Салтдәстүріміз мен әдет-ғұрпымыз қойылым ретінде көрсетілді. Халық әндерін тамылжыта орындап, жүрек түбінен орын алды. Киіз басу, қонақ кәде тарту, жілікті мүшеге бөлу секілді тұрмыста кездесетін салт-жоралғы жайлы айтып берген үлкендер жағы дәмнен ауыз тиді.
Мерекелік шара ұлттық ойындармен жалғасын тапты. «Жарайсың», «Алға» деген жігіттердің дауысы естіліп жатты. Біз де назарымызды сол жаққа қарай бұрдық. Ауыл жігіттері бөрене басына өрмелеуден жарысып жатыр екен. Буыны қатаймаған бала да, тау көтерер толағай жігіт те осы жерден табылады. Солардың арасынан суырылып шыққаны сыйлық алса, балалар асық ойнап, қыздар құрбысына сый ұсынды.
«Нұр себеле, ұлыстың ұлы күні» тақырыбындағы мерекелік шара барысында ауыл өнерпаздары ән айтып, би биледі. Ауыл әкімі Ұ.Әбдіраманова, аудандық мәслихат депутаты, «Шаған-жер» ЖШС төрағасы Б.Қадыров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов, еңбек ардагері С.Есжанов сөз алып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен қонақтары наурыз көжеден дәм татты.
Б.ОРДАБЕКОВ