ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРАМЫ ЖАҢАРДЫ
Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Оның жұмысы республика бойынша бірінші біздің ауданда қолға алынған болатын. Қазіргі таңда өзін-өзі ақтаған бұл құрылым қоғамдық-саяси ахуалды сақтаудың тетігі, көптеген игілікті істердің бастамасышы ретінде белгілі.
2019 жылдың 22 ақпанында аудандық мәслихаттың кезекті 35-сессиясында аудандық Қоғамдық кеңестің құрамына өзгерістер енді. Осы орайда, Қоғамдық кеңесті қалыптастыру бойынша құрылған жұмыс тобы үстіміздегі жылдың 8 ақпанында бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жариялап, 10 күн ішінде үміткерлерден өтінімдерді қабылдады. Нәтижесінде, түрлі коммерциялық емес ұйымдардан, соның ішінде жастар, әйелдер, ардагерлер қоғамдық ұйымдарынан, мемлекеттік орган өкілдерінен,сондай-ақ азаматтардан 17 өтініш түскен. Жұмыс тобы өз отырысында үміткерлерден түскен құжаттарды талқылап, ашық дауыс беру арқылы Сырдария ауданының Қоғамдық кеңесінің 15 адамнан тұратын жаңа құрамын қалыптастырды, оның ішінде 1 адам мемлекеттік орган өкілі.
Депутаттарға жұмыс тобы ұсынған Сырдария ауданының Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы таныстырылды. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 9-бабына сәйкес Қоғамдық кеңестің қалыптасқан құрамы аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 22 ақпандағы №291 шешімімен бекітілді.
Мұнан кейін Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 13-бабына сәйкес Сырдария ауданының Қоғамдық кеңесінің отырысы өткізілді. Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқасының құрамы сайланды. Кеңес төрағасы болып Омаров Марат Жүсіпәліұлы, хатшысы болып Жүсіпбекова Мағрипа Байділдақызы сайланды. Қоғамдық кеңестің құрамы 47 пайызға жаңартылғанын айта кету керек.
Қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен, оның алғашқы отырысы өткізілді. Онда төмендегідей төрт мәселе қаралды. Қаралған бірінші мәселе «Сырдария ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №258 шешіміне өзгеріс енгізу туралы (хабарламашы аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлан Байкен).
Екінші мәселе «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №253 шешіміне өзгерістер енгізу туралы (хабарламашы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғалым Акбаров).
Үшінші мәселе «Қауымдық сервитут белгілеу туралы» Сырдария ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 21 желтоқсандағы №377 қаулысының күшін жою туралы (хабарламашы аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жадыра Ұзақбаева).
Төртінші мәселе 2018 жылғы Сырдария аудандық бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп (хабарламашы аудандық қаржы бөлімінің басшысы Ж.Сыздықов).
Қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды. Мәжілісті аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Омаров қорытындылады.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ