БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

ҚР 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес ауданда 2016 жылы қаңтарда Қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңес құрамында халық қалаулылары, мекеме басшылары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зейнеткерлер, кәсіпкер мен ақпарат құралының өкілі бар. Негізінен қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының жаңа формасы саналатын кеңес азаматтық қоғам пікірін ескеріп, шешім қабылдайды. Ашықтыққа негізделген кеңес жұмысы өткен жыл ішінде 21 отырыс өткізіп, 39 мәселе қараған. Қаралған мәселелердің ішінде жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу сынды мәселелерге басымдық берілген. Аудандық қоғамдық кеңес жұмысына облыс тарапынан жоғары баға берілгендіктен оның тәжірибесін тарату мақсатында насихат тобы құрылды. Топ мүшелері Арал мен Жаңақорған аудандарына барып, өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл туралы аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров өз хабарламасында айтты.
Ауданның жалпы даму динамикасына оң баға берген кеңес мүшелеріне алдағы жылы «Қоғамдық кеңес туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер туралы ақпарат берілді.
Негізі Сырдария ауданында қаланып, республикаға тәжірибе ретінде таралған Қоғамдық кеңес жұмысының ережесі Заңмен бекітілгеннен кейін оның беделі де арта түсті. Ең бастысы елдегі сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың алдын алатын мықты саяси құрал саналатын кеңес өз өміршеңдігін дәлелдеді.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ