Қазақстанда бүгін - Алғыс айту күні
Қазақстан халқы бүгін тарихында төртінші рет Алғыс айту күнін атап өткелі отыр. 2016 жылдың 14 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа қол қойып, оған сәйкес, 1 наурыз - елімізде Алғыс айту күні деп жарияланды.
Айта кетерлігі, дәл осы 1 наурыз күні елімізде Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 22 сәуірінде Ассамблеяның XXII сессиясында Алғыс айту күнінің белгілеуге не түрткі болғанын тарихпен байланыстыра отырып айтып берген еді.
Президент сталиндік режім кезінде Қазақстанға көптеген халықтар жер аударылғанын - 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары көшіп келуге мәжбүр болғанын еске салған еді. «Оларды пойыз вагондарынан жапан далаға түсіріп кетті.
Ол кездері мұнда тек қазақтар өмір сүрді. Сондықтан, олар қабыл алып, көмек көрсетті. Қиын уақыттарды бастан өткеріп жүрген қазақ отбасылары балшық үйлеріне кіргізіп, қабылдады. Біздің жанұямыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыны қабылдады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірімділік көрсететін, түрлі халықтарды туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні деп атап өткен дұрыс болар еді. Бұл бізді одан әрі жақындастырар еді. Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне мейірімділік, достастық және махаббат таныту мерекесі бола алады», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақтар ашаршылықтан зардап шегіп, соғыстан еңсесі түсіп отырса да, өзге ұлтты өзегінен тепкен жоқ. Өзге ұлттың миллиондаған өкілдерін құшақ жая қарсы алып, ауыртпалықты бірге қайыспай бірге көтере білді. Алғыс айту күні сөзсіз бүкіл ел аумағында аталып өтеді.
Айта кетерлігі, Астанада «Қазақ еліне мың алғыс» монументін елорданың 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде Қарағанды облысының әкімдігі орнатқан болатын. Ол қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлттардың өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігін бейнелейді. Композицияның ортасында жас қазақ әйелінің әртүрлі этностардың өкілі болып табылатын 3 баланы қорғаштай құшақтап тұрған мүсіні орнатылған.
«Қазақ еліне мың алғыс» монументтері Алматы (Қаратал ауданындағы Бастөбе ауылы), Батыс Қазақстан (Орал қаласы), Жамбыл (Масаншы селосы), Атырау (Махамбет ауданының Бейбарыс ауылы) және Ақтөбе (Ақтөбе қаласы) облыстарында, Шымкент қаласында да бой көтерген.
Алғыс айту күнін мерекелеу шеңберінде Қазақстан бойынша 3 мың 527 елді мекенде ұзын саны 1 570-ке жуық әртүрлі мәдени-көпшілік және қайырымдылық іс-шаралары өтеді. Оларға 1 млн 400 мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр.
www.inform.kz