РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ОЙ-САНАНЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ
Аудандық орталық кітапханада Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай жоғарғы сынып оқушыларымен рухани танымдық кеш өтті.
Танымдық кеште стратегиялық сипатқа ие мақаланың ел тарихы үшін маңызы елеулі екені жан-жақты ашылды. Біздің осыған дейін төл тарихымызды меңгеруде белгілі бір шеңберден аса алмай, оқиғаларды таңдамалы тұрғыдан сипаттауға басымдық беріп келгеніміз жасырын емес. Енді осындай олқылықтардың орнын толтырып, тарихи сананы жаңғыртатын сәт туды. Өйткені бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасы қуатты, тұрақты даму жолына түскен, өзіндік ұстанымы мен көзқарасын еркін білдіре алатын мемлекетке айналды. Осыны ескерген Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр. Стратегиялық сипатқа ие мақала көпқырлы, әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Яғни, әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді. Бұл ретте біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміз аз емес. Мысалы, Елбасы айтқандай, тек жылқыны қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Ал, енді сол тарихи оқиғаның бастауында қазақ сахарасының тұруы – біз үшін зор мақтаныш. Аудандық кітапхананың бөлім меңгерушісі С.Сейтен бағдарламалық мақаланың басым бағыттарына тоқталды.
– Мәңгілік Ұлы Ел болуға ұмтылған көпғасырлы тарихы бар ел екендігіміз айқын. Осы орайда тарихымызды қайғы-қасіретпен, жаугершілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет. Бұның барлығы қазақ жерінде өркениетті қалалардың, ғылымның, зиялы ортаның және жоғары мәдениеттің болғанын көрсететін басымдықтар. Дәл біздің даламыздан бастау алған мәдениеттердің игілігін дүниежүзінің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәріптеуіміз қажет. Мұндай қадам Ұлы даланың тарихын тым тереңнен бастап, бірнеше мыңжылды қамту талап етеді. Мемлекет басшысы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, мақалада нақты қандай жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өтті, – деді кітапханашы.
Бұдан кейін сөз алған тарих пәнінің мұғалімі Г.Сағындықова тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады дей келіп, ықылым замандардан өз жазуы мен мифологиясы бар көшпенділердің озық мәдениеті болғанын атап өтті.
Кештің өн-бойында жастар жалынды жыр оқып, жезтаңдай әнші Н.Бекшаева тақырыпқа байланысты «Алматының алмасы» тағы басқа әндерді тамылжыта орындады. Өз кезегінде танымдық кешке қатысқан жастар стратегиялық маңызы бар мақала жөнінде қадау-қадау ойлар айтып, ата тарихымыздың маңызы зор екеніне тоқталды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының қорытынды бөлімінде айтылғандай, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор. Тәуелсіз еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілу қарсаңында тарихты тілге тиек еткен мақала өткенімізді мақтан тұтып, бүгінгі қам-қарекетімізді нақты бағалауға, болашақты дұрыс бағамдауға басты бағдар бола беретіні айқын.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ