Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ДАРИЯ БОЙЫН ЖАҒАЛАЙ ОРНАЛАСҚАН СОҢ ҚЫС ЖӘНЕ КӨКТЕМ МЕЗГІЛІ СЫРДАРИЯЛЫҚТАРДЫ КӨП АЛАҢДАТАДЫ. ӨЙТКЕНІ, ЖЫЛ САЙЫН ҚЫСТЫҢ СУЫҒЫНДА ҚАТҚАН МҰЗ СЕҢ БОЛЫП АҚҚАНДА, КӨКТЕМДЕ ӨЗЕН АРНАСЫ ТОЛҒАНДА СУ БАСЫП ҚАЛУ ҚАУПІ ТУЫНДАЙДЫ. МІНЕ, ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ АУДАН КӨЛЕМІНДЕ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ, ДАРИЯ АРНАСЫНАН АСЫП ЖАТСА, ӘБІГЕРГЕ ТҮСКЕН ХАЛЫҚҚА КӨМЕК КӨРСЕТУ КЕРЕК. ОСЫ МАҚСАТТА АУДАНДА ОБЛЫСТЫҚ КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ.
Негізі, ауданда су басу аймағына үш елді мекен жатқызылған. Атап айтқанда, Тереңөзек кенті және Н.Ілиясов пен Қалжан ахун ауылы эвакуциялық аймақ саналады. Бұл елді мекендерден 14 мыңға жуық халық қауіпсіз аймаққа көшірілуі тиіс. Мәселен, Тереңөзек кенті тұрғындары А.Тоқмағамбетовке, нағилықтар Шаған ауылына, Қалжан ахундықтар С.Сейфуллин елді мекеніне көшіріледі. Халықтың бұл бөлігін қауіпсіз орынға жеткізу үшін арнайы құтқару топтары жасақталып, техникалармен қамтылған.
Жалпы, халықты су басу аймақтарынан көшіру мақ­­­­­­­­сатында ауданда 9 эвакуациялық жиналу пункті және 10 эвакуациялық қабылдау пункті бекітілген. Барлық эвакуациялық жинақтау пункттері ана мен бала, дәрігерлік көмек көрсету, қарттарды күту, асхана бөлмелерімен қамтылған. Қауіпсіз аймаққа көшірілетін адамдар қабылдау пункттеріне автобус, газель автокөліктерімен жеткізіледі. Бұл жұмыстарға барлық бөлім қызметкерлері жұмылдырылған.
«Қыс және көктем кезеңінде су тасуының қолайсыз дамуы жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін жүргізілетін авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында өткен облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуында аталған жұмыстар пысықталды. Аудандық азаматтық қорғаныс құрамаларының, авариялық құтқару қызметтерінің жарықтандырылуын, дайындығын және іс-қимылдарын тексеру мақсатындағы оқу-жаттығуда әдеттегідей азаматтық қызмет басшылары төтенше жағдайға әзірлік барысын баяндады. Әр қызметтің өзіндік міндеттері бойынша жүргізілетін жұмыстары, материалдық базасы жайлы айтылды. Онда аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров бүгінгі таңда аудан аумағынан мұз өтіп, су басу қаупі жоқ екенін жеткізді. Десе де, азаматтық қызметтердің төтенше жағдайға әркез дайын болуы қажеттігін ескертті. Мұнан соң «Сырдариясушар» мекемесінің ауласында техникалар мен қызметтер сапқа тұрғызылып, дайындық барысы тексерілді. Сондай-ақ, оқужаттығу басшылығы аудандық мәдениет үйінде және С.Сейфуллин ауылындағы №137 мектепте орналасқан эвакуациялық жиналу пункті жұмысымен танысты.
Аудан көлемінде өткен командалықштабтық оқу-жаттығуға облыстық Төтенше жағдай департаментінің өкілі, азаматтық қорғау майоры Р.Жүнісов қатысты.

Е.БЕРКІНБАЕВ
02 ақпан 2019 ж. 1 219 0