Шығысқазақстандық 17 спортшы Ақ Олимпиадаға қатысуға үміткер
Шығыс Қазақстан облысынан 17 спортшы алдағы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға үміткер. Жалпы биылғы Ақ Олимпиадада әлемнің 80 елінен жиналған бес мыңнан астам спортшы 102 медаль жиынтығын сарапқа салмақ, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл дүбірлі додаға Қазақстаннан барлығы 62 үміткер, спорттың тоғыз түрінен, оның ішінде Шығыс Қазақстаннан 17 үміткер, спорттың төрт түрінен қатысады деп жоспарланып отыр. Шығысқазақстандық саңлақтар негізінен фристайл (могул), шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы тебу сияқты сайыстарда бақ сынайды. Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың нақты тізімі 2018 жылдың 20 қаңтарында белгілі болады.
Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін спортшылар: шаңғы жарысынан ел құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанин, биатлоншы Галина Вишневская, фристайлдан Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд. Сондай-ақ, ұлттық құраманың ең жас мүшелері Аяулым Әміренова мен Павел Калмаковтың Ақ Олимпиадада жүлде алуға мүмкіндіктері бар.
Қазір барлық спортшылар жарысқа жеке жоспар бойынша дайындалуда.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы барлық спортшыларға айлық еңбекақы түрінде қолдау көрсетуде.
– Біздің спортшылар XXIII Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз, - деді Даниал Ахметов. – Әрине, халықаралық жарыстарда жүлде алған жақсы, бірақ елішілік жарыстарға да жете көңіл бөлу керек. Біздің облыста спортшыларға қаржылық жағынан да, клубтық даярлық жағынан да қолдау жақсы бола тұра қысқы спорт түрлерінен елімізде өткен жарыстарда екінші орынға түсіп қалдық. Неге? Осы мәселені жауапты басқарма бақылауына алып, тиісті қорытынды шығаруы керек.
Айта кетейік, елімізде қысқы спорт түрлері бойынша спартакиада 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында өткен. Бұл жарыста шығысқазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алматылықтарды алға жіберіп екінші орынды қанағат тұтқан болатын.
«Қамшы» сілтейді