КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей осы келелі жиында жылдық жұмыстың есебі сараланып, алдағы күнге міндеттер белгіленеді. Өткен сәрсенбіде аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Ғ.Қ.Қазантаев ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін берді. Бұл алқалы жиынға аймақ басшысы Қ.Е.Көшербаев арнайы келіп қатысты.
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ
Ұлы дария атымен аталатын ауданның қай салада болмасын көші ілгері. Экономиканың локомотиві саналатын құрылыс қарқынды дамып келеді. Ақжарма ауылында спорттық сауықтыру кешені мен мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталды. 2017 жылы құрылысы басталған Бесарық елді-мекенінің кіре берісіне «Жаңадария» каналы арқылы өтетін автожол көпірі іске қосылды.Есепті кезеңде 18,0 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Тереңөзек кентінің А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы алдыңғы жылы басталған болатын. Былтыр жыл соңына қарай 3 қабатты 18 және 24 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы толығымен аяқталып, кезекке тұрғандарға берілді. Биыл тағы 2 үй құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылып, осы екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС
Аймақ басшысы 2018 жылды өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі бағыты – осы кәсіпкерлікті дамыту. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ауданда 2018 жылы 2115 шағын және орта кәсіпкерлік нысандар тіркеліп, оның 1832-і жұмыс жасап тұр. 2017 жылмен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандардың саны 19,3 пайызға артты. Аудан тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікке тарту мақсатында ауданның «Жол картасы» бекітілді.
БІЛІМ БИІГІНДЕГІ АУДАН
«Кемел елдің келешегі білімді ұрпақ» дегендей аудан мектептерін 2017-2018 оқу жылында бітірген түлектер аймақ бойынша бірінші орынға ие болды. Мұнда 216 мектеп бітіруші түлектердің 180-і мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізді. Ауданның медицина саласы да жақсы даму үстінде. Биылғы жылы орталық ауруханадан 5 жаңадан бөлімше ашылды. Олар қабылдау, ауданаралық оңалту, ауданаралық полиативті көмек көрсету, гинекология және екінші деңгейдегі перзентхана бөлімшелері. Аурухананың техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, СМАД, холтер, 3 санитарлық автокөлік және цифрландыру аясында 127 компьютер, 3 терминал алынған. Сөйтіп, медициналық құрал-жабдықтармен қамту көрсеткіші 80,1 пайыздан 87,2 пайызға көтерілді.
ЖАҢА МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан орталығы Тереңөзек кентінде «Туған жер» бағдарламасы аясында «Сырдария ауданының Құрметті азаматтарына» арналған аллея, аудандық музейдің «Еңбек даңқы» залы, «Парасат» алаңы салтанатты түрде ашылды. Өткен жылы Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Бұл еңбек ел тарихына жасалған тың зерттеу, парасатты пайым. «Жастар жылына» орай ауданда жастарды қолдау бағытындағы шаралар жалғасын тауып, ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Аудан жастарының белсенділігін арттыру мақсатында ауданда «Жастар ресурстық орталығы» жұмыс жасайды. Барлық елді-мекендерде құрылған Қоғамдық кеңестер бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесі, елдегі ауызбірлік пен татулықты, тазалықты сақтауда жемісті еңбек етуде деп түйіндеді есепті баяндамасын аудан басшысы.
Есепті кездесуде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы сөз алып, жылдық жұмысты оң бағалай отырып, аудан әкімдігіне бірқатар тапсырмалар берді. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуды, салық базасын ұлғайтуды және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ететін кәсіпкерлікті дамыту, білім, медицина, ауылшаруашылық салаларындағы қол жеткізген жетістіктерді одан әрі баянды ету.Кездесуде ардагерлер А.Бақтиярова, Қ.Әбілқасымов, С.Тоқсанбаев, Х.Әбенұлы өз ойпікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жылдық есепті оң бағалады. Соғыс және еңбек ардагері Я.Тасыров жиналғандарға ақ батасын берді.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ
Пікір 2