МОНШАҒА ТЕГІН ТҮСІРЕДІ
АПТАНЫҢ АЯҒЫ ЖАҚЫНДАҒАНДА АДАМ ЖҰМЫСТАН ШАРШАП, БІР СЕРГІП АЛҒАНДЫ ҚАЛАЙДЫ. АЛ СОЛ ШАРШАҒАНДЫ БАСУДЫҢ БІР ЖОЛЫ МОНША ЕКЕНІ АНЫҚ. МОНША ТЕК СЕРГУГЕ ЕМЕС, БАСТЫСЫ ТАЗАЛЫҚҚА ҚАЖЕТ. ӘСІРЕСЕ, ҚАЗІРГІДЕЙ ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ МОНШАНЫҢ ПАЙДАСЫН ЖҰРТШЫЛЫҚ ЖАҚСЫ БІЛЕДІ. СОЛ ҮШІН МОНШАНЫҢ ЖАҚСЫСЫН ІЗДЕЙТІНІ ДЕ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. БҰЛ ОРАЙДА, ТЕРЕҢӨЗЕКТІКТЕР ТАҢДАУ ЖАСАЙТЫН «KEREMET» ҚОҒАМДЫҚ МОНШАСЫ СОЛ ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫНА САЙ.
Кент орталығында жақында ғана ашылған моншаға бүгінде келушілер қатары көп. Заманауи құрылғылармен жабдықталып, бүгіннің талабына сай болғандықтан адамдардың үздіксіз келетіні түсінікті. Негізі, бұл бизнес көзін жеке кәсіпкер Мейрамбек Бахторазов жүзеге асырды. Ол мұны отбасылық бизнес ретінде іске қосып, қос ұлымен халыққа қызмет көрсетуде. Оның құрылыс жұмыстарын өздері жүргізіп, барлығын талапқа сай салған.
Монша 35 адамға арналған. Ішінде барлық санитарлық тазалық сақталған. Кіре берісте киім ілгіш шкаф, орындықтар арнайы қолдан жасалған. Одан кейін ыстық бу бөлмесі де жан рахатын сезіндіреді.
– Бұл бөлмеге қатты ағаштарды арнайы тапсырыспен алдырдық. Іші ылғалданғанда тоқ соқпауы үшін 36 кВт жарықты қауіпсіздік үшін орнаттық, – дейді кәсіпкер. Будан шыққан соң орыс моншасындағыдай мұздай суы бар шелек қойылған. Монша ішінде арнайы бары да бар. Бір сөзбен айтқанда, монша атына заты сай болып тұр.
Тұрғындар көңілінен шыққан соң кәсіпкер адамдардың көп келетінін айтады. Тіпті, жақында ғана ашылса да көршілес Жалағаш ауданынан келушілер бар екен. Біздің мақаламыздың тақырыбын «Моншаға тегін түсіреді» дегеніміздің де мәні бар. Себебі, М.Бахторазов мүмкіндігі шектеулі жандардың моншаға тегін түсуіне жағдай жасауда.
Е.БЕРКІНБАЕВ