«ПАРЫЗ» дипломын табыс етті
Еліміздегі ең беделді марапаттардың бірі – «Парыз» сыйлығы. Бұған мемлекетте арнайы байқау жарияланып, үлкен кәсіпорындар мен ірі шаруашылықтар қатысады. Оны ұйымдастырудағы мақсат – кәсіп иелерінің халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қоғамға өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, жеке кәсіпкерлік субъектілерін қалыптастыруға және көбейтуге бағыттау. Байқау нәтижесінде түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталып, елге үлгі етіледі.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі байқауға ауданның ірі шаруашылықтары қатысқан болатын. Атап айтқанда, Шіркейлі ауылындағы «Мәді Қажы» ЖШС мен Ақжарма елді мекеніндегі «Ақжарма және К» ШҚ жоғары марапатқа ұсынылды. Осыған орай, республикалық байқауға қатысқан қос шаруашылық ҚР Еңбек және халықты қорғау министрі М.Е.Әбілқасымованың «Парыз» дипломымен марапатталды. Аталмыш марапатты аудан әкімі Ғ.Қазантаев «Мәді Қажы» ЖШС директоры С.Сұлтанов пен «Ақжарма және К» ШҚ төрағасы Қ.Нұрсейітовке табыс етті.
Е.БЕРКІНБАЕВ