Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ


Жақында Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев жергілікті қоғамдастық алдында есеп берді. Оған кент тұрғындары қатысып, өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді тыңдады. Есепті жиынды Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев ашып, жүргізіп отырды.
2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталған кент әкімі сала бойынша жасалған жұмыстарды тізбектеді. Алдымен, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін атап, кентте жұмыспен қамтылғандарды айтты.
– Есепті кезеңде 338 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 276 адам қоғамдық жұмыспен қамтылды. Жастар тәжірибесіне 194 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 15 азамат жолданды. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр, – деді Нұржан Пернебайұлы. Одан кейін жыл ішінде білім, мәдениет, спорт саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, мәдениет саласы бойынша өткен жылғы барлық мәдени шаралар ауданның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Соның шеңберінде кент орталығында «Парасат» алаңы ашылып, Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюсті орнатылды.
Есепті баяндамасында кент әкімі кәсіпкерлік саласы дамудың өзегі екенін атап, былтырғы жылы бизнеске бет бұрғандарды атап көрсетті. Аймақта кәсіпкерлікті қолдау жоғары деңгейде екені белгілі. Кәсіп ашуға ниеттенгендердің жұмысын бастап кетуіне мүмкіндік мол. Сол бойынша кентте 770 кәсіпкерлерлік субъекті тіркелген. Бүгінде оның 85 пайызы жұмысын жасап тұр. Оның ішінде, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Микробизнес-Қызылорда», «Агробизнес-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және басқа да несие серіктестіктері арқылы кәсіпкерлік жобаларын жүзеге асырғандар жетерлік. Нәтижесінде, кентте шағын және орта бизнес дамыту жолға қойылып, бизнесін дөңгелеткендер көп. Оған қоса, кәсіп бастауға ниет білдіргендеге кеңес беру жұмыстары да жүргізілген.
Құрылыс саласына келер болсақ, 2018 жылы 42 тұрғын пәтермен қамтылды. Кентке кіреберіс А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшелері қиылысында көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, қолданысқа берілді. Биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Ол үшін 18 және 24 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасы арқылы республикалық бюджетке ұсыныс берілген.
Кентті көркейту-көгалдандыру, жол жөндеу, қоғамдық тәртіп, өзге де мәселе бойынша есеп берген кент әкімі осы жылы атқарылатын жұмыстарды айтты. Мәселен, 2019-2020 жылдары жүзеге асатын квартішілік газдандыру жұмыстарын ұйымдастыру, көшелерді жарықтандыру, жолдарды ағымдағы жөндеу, кентті абаттандыру, балабақшаларға бейнебақылау камераларын орнату, кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және бұрынғы О.Мәлібаев елді мекенінде жаңа қоныстану аймағына 135 гектарға электр желілерін тарту жұмыстары биылғы жылы жасалмақшы.
Мұнан соң кент бойынша учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Е.Зайдағалиұлы қоғамдық тәртіпті сақтауда өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Оның мәліметінше, кенттегі төрт әкімшілік аймақ бойынша былтырғы жылы 57 қылмыс тіркеліп, оның 27-і ашылған. Оның ішінде, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, есіркі заттарын пайдалану, жалған құжат дайындау, алаяқтық, бұзақылық әрекеттер, дүкен ұрлығы секілді қылмыс бар. Одан бөлек, жыл бойына 555 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл қатарда алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзғандар, отбасы тұрмыс аясында жанжал шығару, түнгі уақыттағы тыныштықты бұзғандар және тағы басқа да ұсақ қылмыстар бар.
Өз есебінде учаскелік полиция инспекторы күн тәртібіндегі мал ұрлығы қылмысы әшкереленгенде ұрланған мал иелері тарапынан кешірім беруімен жазасыз қалуын ескертіп өтті. Десе де, бұл бағытта тиісті жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. Одан бөлек, полиция аға лейтенанты кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жұмыс жасау бағытында ата-аналармен бірігіп бақылауды күшейту жүзеге асырылатынын да атады. Және де мемлекеттік және жеке мекемелерге бір айға дейін жазу, сақтау функциясы бар бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынды. Бұл қылмыстың алдын алу, сақтық шарасы екенін айтты Еркебұлан Зайдағалиұлы.
Есепті баяндамалар тыңдалғаннан кейін кент тұрғындары ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Оның ішінде, көше тазалығы, кентті көгалдандыру, жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқ су, қоқыс тастайтын полигонды ретке келтіру, шет көшелерге ойын алаңын салу, кәсіпкерлік саласы бойынша ұсыныстар айтылды. Полигон жөнінде кент әкімі осы жылы барлық талаптарға сай жаңасы салынатынын, кенттің тазалығы мен көгалдандырылуына әкімдікке ғана сеніп отырмай, тұрғындар да өз тарапынан атсалысуы қажеттігін айтты. Жиын соңында атқарылған жұмыстарға тұрғындар оң бағасын беріп, қоғамдастықтың қаулысы жария етілді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
12 қаңтар 2019 ж. 650 0