КӘСІБІНІҢ ЖЕМІСІН КӨРУДЕ
Кәсіпке бейімделу – бүгіннің басты талабы. Себебі, нарық кезеңінде тың істі қолға алып, жұмысын дөңгелеткеннің жағдайы жақсы болмақ. Бұған қазір жастардың көзі жеткен. Осы күні қатарластарымен бірге талпынып, өз ісін бастауға ниеттілер қатары көп. Соның бір тетігі «Жас проджект» жобасы аясында бүгіннің толқыны тың жобаларды жүзеге асыруда.
Абылай Мырзабеков – қаржы саласының жас маманы. Қызылордада білім алған. Дипломы бар. Бірақ қазір бұл мамандықты екінің бірі игерген. Сол себепті, осы саланың маманына сұраныс төмен, жұмыс та тапшы. Алайда, ер жігітке қол қусырып қарап отырған жараспайды. «Екі қолға бір күрек» керек. Оның үстіне өзі кәсіпке бейім. Облыс орталығында бақша дақылы картоптан қытырлақ (чипсы) жасап, пайда тапқан. Фаст-фуд секілді жеңіл әзірленетін тағамдар жасауға қызығушылығы да бар.
Қолдан келетін іске бейімделу қажет. Ол үшін кәсіпті бастаудың бағыт-бағдарын білуі тиіс. Осы тұста, мемлекет қолдауымен «Бизнес бастау» оқу курстары жүріп жатқанынан хабардар болады. Мүмкіндікті құр жібермей, кәсіпкерлік көкжиегінің қыр-сырын игереді. Сертификат та қолда. Өзі кәсіп бастауға ниет білдіріп, қозғала бастаса, бәрі ретімен шешіле беретіндей. Оқу курсын тәмамдай салысымен «Жас проджект» жобасы жүзеге асуда. Тағы да мүмкіндік. Оған тың жоба қажет. Үйренгендері бар, оған қоса, нан өнімдеріне сұраныс барын біледі. Бірден осыны қолға алып, «Шағын наубайхана» жобасын іске асыруға қамданады. Жанына Абзал Асқарбеков пен Нұрсұлтан Ділдабаевты серік етіп, үшеулеп жұмысқа кірісіп кетті. Жоба арқылы 1 млн. теңге қаржы беріледі. Соның алғашқы жарнасы 500 мың теңгені алып, нан пісіруге қажетті ХПЭ пешін, нан өнімдеріне керекті миксер сатып алады. Бұл арада қаржылық білімі де оған септігін тигізді. Қолдау барда тездетіп шағын наубайхананы ашып, жұмысын дөңгелетті. Нан өнімдерін жоба талабы бойынша аптасына 2-3 рет тегін таратады. Оның ішінде, аудан орталығындағы көп балалы, тұрмысы төмен отбасылар бар.
Қаржыгер Абылай – қазір жас кәсіпкер. Кейбір жастар секілді селқос жүрген жоқ. Ізденіп, тырмысып, тыраштанып ойлағанын іске асырды. Жаман емес. Қазір кәсібі бар, жұмысты болған, айлық та алады. Жоба біте қалса, бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, шағын наубайхананы кеңейтуге ниетті.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ