СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫ ТУРИЗМ НЫСАНЫНА АЙНАЛАДЫ
Қыпшақтар мен Қазақ хандығының ежелгі астанасы, Сығанақ қалашығында сәулет құрылыстарын қалпына келтіру және цифрлау жұмыстары жүргізілуде.
Нысанда археологиялық зерттеулерді Қ. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығы, ал қалпына келтіру жұмыстарын "Қазреставрация" РМК жүргізеді. Сығанақ басқа мәдени-тарихи ескерткіштер секілді мәдени-тарихи орталық және туристер жаппай баратын орын болады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қалашықты ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы уақытта Сығанақ қалашығының шығыс қақпасын 3 метрге дейін көтеріп, бұрынғы сәулеттік келбетін қайтаратын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысының аумағындағы ежелгі Сығанақ, Шірік Рабат, Жанкент қалашықтары және түркі тайпаларының бұрынғы астаналарына қажетті сервистік инфрақұрылымдарды жүргізіп, соның негізінде туристік кластер құру жоспарлануда.
2000 астам жылдық тарихында Сығанақ қалашығы Қыпшақ хандығы (ХІ-ХІІІ ғғ.), Ақ Орда (ХІІІ-ХІV ғғ.) және Қазақ хандығының (ХV- ХVІІ ғғ.) астанасы болған. Сығанақ қалашығы - республикалық маңызы бар мәдени-тарихи ескерткіш және Ұлы Жібек жолының сауда орталықтарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілді.
Төменде Сығанақ туралы бейнеролик ұсынылады.
[video=]