ҚАЛАНЫ МАҚТАН ЕТЕМІН
Ұзақ жыл ауданның телекоммуникация саласында еңбек етіп, қазір зейнет демалысына шыққан азаматтардың бірімін. Туған елдің перзенті ретінде Сыр елінің күннен күнге көркейіп келе жатқаны қуантады. Осыдан бес жыл бұрынғы шаһарды қазіргімен салыстыруға келмейді. Алдымен айтарымыз көшелердің тазалығы, жасыл желекке орануы, салынып жатқан жаңа ғимараттар барлығы да облыс орталығының өсіп-өркендеп келе жатқанын аңғартады. Бұрын Қызылорданы жұрт шаңы бұрқыраған шағын қала деп білсе, қазір мүлдем олай деуге келмес. Себебі ауқымы да кеңейіп, тұрғындары да өскен қаланы мақтан етпейтін жан кемде кем. Бұл үшін бір ғана басшының еңбегін атап өткен қате болар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, іскер азаматтардың арқасында Сыр елі көркем де, әсем қалаға айналды. 200 жылдық тарихы бар қаланың болашағы зор. Оның талай жұртты тамсандыратынына сенім мол. Айтулы мерекеде марапат төрінен көрініп, еткен еңбегіме құрмет көрсеткен қала әкіміне ризашылығымды білдіремін.
Нұрлан ОРАЗБЕКОВ,
еңбек ардагері