Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТУҒАН ӨЛКЕНІ МАҚТАН ЕТЕМІН

ТУҒАН ӨЛКЕНІ МАҚТАН ЕТЕМІН


Ауданның 90 жылдық белеске жайдан-жай келмегенін тарихтан білеміз. Бұл мыңдаған адамның төккен тері, еткен еңбегі, ізденісі. Жерлестерімнің осындай абырой биігінде болғаны мен үшін мақтаныш. Ауданда өзгеріс көп екен. Әсіресе, «Еңбек даңқы музейі» мен Құрметті азаматтардың аллеясы қатты ұнады. Бұл тарихты құрметтеу, алдыңғы толқын аға-апалардың еңбегін дәріптеу, жас ұрпаққа өнеге ретінде көрсету. Екі күнге созылған думанды тойда үлкенге – құрмет, кішіге ізеттің үлкен мектебінен дәріс тыңдағандай әсер алдым. Мұхтар ағам жырға қосқан Тереңөзек шынында да таланттар өлкесі дерсің. Басқаны айтпағанда, Қалағаң мен Әбіраштың еңбектері, Сәбира апамның сомдаған бейнелері, Асекеңнің сатирасы, өзіміз пір тұтқан Қуаныш Баймағамбетов жырлары әлі күнге ел жадында. Демек, Тереңөзек топырағы шынында да киелі. Мен сол үшін де осындай құнарлы топырақтан нәр алып, өскенімді мақтан етемін. Қазір соңымыздан өсіп, осы елдің ертеңі үшін тер төгіп жүрген іні-қарындастарыма тек бақыт тілеймін.

Қайырбек АСАНОВ,
ақын
14 тамыз 2018 ж. 880 0