Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙТУЛЫ МЕРЕЙТОЙ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

АЙТУЛЫ МЕРЕЙТОЙ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ


2018 жылы аудан көлемінде ұйымдастырылған мәдени көпшілік, спорттық іс-шаралардың барлығы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы мен Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы, Сырдария ауданының 90 жылдығы аясында өткізілді.
Аудан көлеміндегі барлық білім ордаларында, колледж және мектептерде атаулы мерейтойлық даталарға орай кездесулер, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, жастардың бойына Отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру арқылы Туған жерге деген құрметтерін арттыру мақсатында түрлі тақырыптарда аудандық байқаулар, мүшәйралар өтті.
Байқауларға аудан әкімдігі тарапынан тиісті сала басшылары мен мамандар бөлініп, олар құттықтау сөз сөйлеп, байқау жеңімпаздары арнайы «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай аудан ардагерлері Астана қаласына саяхаттап келді. Облыстық ардагерлер кеңесі мен аудан әкімдігі бірлесе ұйымдастырған игі шарада еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, зиялы қауым өкілдері қамтылды.
Сырдария ауданының әкімдігі Қызылорда қаласының мерейтойына орай демеушілер есебінен облыс орталығындағы Абай даңғылы мен Ғ.Мұратбаев көшесінің қиылысындағы «Универсам» сауда үйінің алаңын жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы көлемі 740 м2 құрайтын алаңға 490 м2 төселетін кеспе тастармен (брусчатка), архитектуралық формалармен (газондар) жабдықталды.
Сондай-ақ, жаңадан 30 м2 субұрқақ (фонтан) айналасына кеспе тастармен (брусчатка), төселіп, ұзындығы 75 метр жиек тастармен (бордюр) жаңаланды.
Алаңға жарықшамдар, 9 дана жаңадан орындықтар (скамейка), қоқыс жәшігі орнатылып, субұрқаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі серпінді Сырдарияның көрікті Қызылордаға мерейтойлық тартуы.
Қызылорда қаласының 200 жылдығын аудан көлеміндегі БАҚ арқылы ақпараттандыру мақсатында аудан әкімінің баспасөз қызметінің бастамасымен аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде «Қызылорда – Сыр Ананың тұмарындай», «Қызылорда құтты мекен», «Дария бойындағы шырайлы шаһар», «Қасиетті туған өлке», т.б. тақырыптарда кең көлемді мақалалар мен өлеңдер жарияланды.
Ағымдағы жылдың 3 қараша күні Сырдария ауданының көркемөнерпаздары Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Өнері өрден, орны төрден – Сырдария» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Қала орталығындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шарада құт қонып, бақ дарыған айшықты ауданның өнерпаздары әуелете ән шырқап, би билеп, сахналық қойылымдар қойып, өз өнерлерін көрсетті.

Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы
05 қараша 2018 ж. 848 0