Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕГІ СУ ЖАҒДАЙЫ БІРҚАЛЫПТЫ

СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕГІ СУ ЖАҒДАЙЫ БІРҚАЛЫПТЫ


Жалпы бүгінгі күні су тасқыны жағдайының алдын алу мақсатында 2016-2017 жылдары арнайы құрылған жұмыс топтарымен анықталған Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетінің 96 қауіпті учаскесін қалпына келтіру белгіленген болатын. Бүгінгі күнге аталған учаскелерде жұмыстар толықтай аяқталып отыр.  
Оның ішінде «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру аясында жоспарланған 73 шараның барлығы орындалды.
Аталған жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 2 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінді.
Бүгінгі күнгі жағдай бойынша 2018 жылы атқарылуы тиіс барлығы 19 нысан белгіленіп (оның ішінде 1-уі құлақтандыру жүйелерін орналастыру), оларға қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу көзделіп, жалпы қаржысы 13,4 млрд. теңгені құрап отыр. Жалпы қала және аудандар бойынша өзен бойы 56 қауіпті аймаққа арнайы техникалары бар 172 жауапты мекемелер бекітілген.
Облыс бойынша бүгінгі күні су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 149,5 тонна жанар-жағар май қоры және 274 200 дана қап сақтауда тұр. Сондай-ақ, 10 400 бау қамыс, 3 800 дана пашын және 3 600 дана қарабура, 23 тонна қой тас пен т.б. қажетті материалдар қорлары жасақталған. «Казавиаспас» АҚ-мен келісім-шарт арқылы екі тікұшақ дайындыққа келтірілген. Мұз жару жұмыстарын жүргізуге арнайы мамандандырылған мекемемен алдын ала келісім жасалынған.
Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде 156 мыңға жуық адамды көшіруге арналған 83 эвакуациялық жинақтау және 104 қабылдау пункттері дайындыққа келтірілді.  
Сонымен бірге, облыстың су тасқыны кезеңіне шұғыл ден қою жоспары бекітіліп, облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің Қызылорда қаласы мен аудандар бөлінісіндегі жедел әрекет ететін күш-құралдар топтамасының есебі жасалынған.
Жалпы облыс аумағына жоғарыдан келіп түсіп жатқан су көлемі секундына 640 текше метрді құрауда. Қызылорда су торабына дейін су таратушы каналдармен барлығы 110 (оның ішінде каналдармен 76, су шығыны және арналарға жайылу 34) текше метр су алынса, тораптан төменге секундына 530 текше метр су өтуде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында мұз толықтай ұстасса, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өзен беті таза.
Мұз кептелісі салдарынан өткен жылғы  28 желтоқсанда Әуежай аймағындағы қатар орналасқан Аэропорт,  ПМК-29, ПМК-112  саяжайлары тұсында өзенінің ескі арнасы толысып, ішкі каналға көп мөлшердегі судың түсуінен Аэропорт саяжайында 40 және ПМК-112 саяжайында 5 тұрғын жайдың ауласына су жайылған. Қалыптасқан жағдайға байланысты, су жайылудың алдын алу мақсатында бекітілген жауапты мекемелердің арнайы техникаларын (6 жүк көлігі, 1 погрузчик, 1 экскаватор) тарта отырып, каналдың жалпы ұзындығы 100 метрдей жағалауын топырақпен бөгеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, қала жанындағы мал шаруашылығымен айналысатын кейбір шаруа қожалықтар орналасқан аумақтарға су жайылуына байланысты малдарымен бірге қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Одан бөлек, қаланың кейбір аймақтарында жерасты ыза суының көтерілуіне байланысты тұрғындардан хабарламалар түсуде. Оған байланысты мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сонымен бірге, Қармақшы ауданы Жаңажол ауылдық округі аумағындағы «Оң жағалау» каналы қорғаныс бөгетінің 580-586 пикеттері аралығы тұстарында Сырдария өзенінің суы көтеріліп, аталған бөгетке қауіпті деңгейде келіп тірелуне байланысты аудан әкімдігі мен «Қазсушар» мекемесі тарапынан қауіптің алдын алу шаралары ұйымдастырылып, 260 метр қорғаныс бөгетін күшейту жұмыстары жүргізілді.
Аталған жұмыстарға 7 арнайы техника 15 адам күші жұмылдырылуда. 
Жалпы бүгінгі күнге Сырдария өзені арнасындағы су жағдайы бірқалыпты, елді мекендер мен стратегиялық маңызы бар нысандардың айналасындағы ахуал тұрақты. Жағдай қатаң бақылауға алынған.
09 қаңтар 2018 ж. 1 492 0