ІСІНЕ ТИЯНАҚТЫ
Сәкен ауылында кәсіптің көзін тапқан жанның бірі Ләззат Көрпелдесова. Ол мектеп бітіргеннен кейін жүрек қалауымен тігіншілік мамандықты меңгеріп, Қызылорда тігін фабрикасында жұмыс жасады. Бұл 1986-1989 жылдар болатын. Содан соң Сәкен ауылының азаматы Досқалиға тұрмысқа шығып, кәсібін осында жалғастырды. Дегенмен, нарықтық қатынастың аласапыраны кезінде тігіншілік кәсіп ешкімге керек болмай жабылып қалды. Ләззат үйде отырса да көрші-көлемнің сұранысын орындап, әдемі дүниелерді жасап беретін өзінің тігін машинасымен. Он саусағынан өнер тамған тігінші осыдан он жылдай бұрын өзінің сүйікті кәсібіне тұрақты бет бұрып, тігіншілік іспен шындап айналыса бастады. – Балалар өсті, заманның өзі де белгілі бір кәсіппен айналысуды талап етіп отыр. Бұрынғыдай емес, тігіншілікке сұраныс бар. Сондықтан қолдан келіп тұрғасын көпшілікке ортақ істен бас тарту қисынсыз, – дейді Ләззат. Шүкір, қазір еңбек еткенге табыстың ауылы алыс емес. Той да көп, қыз жасауын, бесік жасауын жасайды Ләззат. Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімінің қолдауымен «Ақниет» бағдарламасынан алған қайтарымсыз несиесі де кәсібін дамытуға серпін берді.
– Көрпе-көрпеше көктеп, тігемін. Құрақ құраймын. Ұлттық нақышты қолдана отырып, қыз, бесік жасауын дайындаймын. Әзір болған дүниелерімді әлеуметтік желіге салып, жарнама жасаймын. Соның нәтижесінде қолымнан шыққан дүниелер аудан, облыс көлеміне тарап жатыр,–дейді тігінші. Ол қайтарымсыз несиеге ие болғанда жапонның «Джак» тігін машинасын сатып алыпты. Бұл біздің машиналарға қарағанда жедел, әрі сапалы тігеді. Егер де оған қосалқы бөлшек қажет болған жағдайда облыс орталығында орналасқан дүкенмен іскерлік байланыста.
Адал кәсібімен абыройға бөленген Ләззаттан жас кәсіп иелері үлгі алса екен.
ШаҺарбек НҰРСЕЙІТОВ