Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТИМУРШЫЛАР ТОБЫ АУЫЛДА

ТИМУРШЫЛАР ТОБЫ АУЫЛДА


Осылайша өздерін атауды жөн көрген С.Сейфуллин ауылының жастары «Жас проджект» жобасының жеңімпаздары. Жоба көшбасшысы Абай Тоқтаров әріптестері Серікбол Мұратбек, Абылай Ижазовпен бірге ауылдың әлеуметтік әлсіз топтарына қол көмек беру мақсатында бірікті. Бірі эколог, екіншісі мұғалім, үшіншісі компьютер мамандығын алған жастар әзірге жұмыссыз болғандықтан жобаға қатысып, өз ойларын ұсынған болатын. Олар алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік аз қамтамасыз етілген 42 отбасының тізімін жасайды. Әрбір отбасында болып, қандай көмек қажет ететіндерін анықтайды. Жоба қаржысы – құрылыс заттарын (әк, бояу, цемент т.б.) алып, қажетті құрал-саймандарын әзірлейді.

– Біз ең алдымен көп балалы, жалғызбасты аналар, мүгедек кісілердің, тыл ардагерінің отбасы қандай қол көмекке мұқтаж екендіктерін білдік. Қаржыға алынған заттарды пайдаланып, жұмысқа кірісіп кеттік. Алда қыс келеді. Жақында жалғызбасты ананың үйінің пешін жөндедік, есік алды жұмыстарына көмектестік. Ал, көпбалалы жас отбасының үйінің сыртын әктеп бердік. Ауыл тұрғындары жұмысымызға дән риза, – деді жоба көшбасшысы.
909 мың теңге қаржыны тимуршылар 6 ай бойы қол көмекті қажет ететін отбасының мұқтаждығына жұмсайды. Күннің жылт еткен жылуын пайдаланып жоспарланған жұмыстарды аяқтап алуды мақсат еткен үш жігіт күн ұзағына дамыл көрмейді. Бірі есік алдындағы шөптерді шапса, бірі отын бұтап жатқаны, жігіттер қыстағы шаруаға, қар тазалауға да қамданып қойған. Қажетті құралдар сақадай сай тұр. Ауылға «тимуршылар» деп танылып үлгерген жігіттердің осындай жоба арқылы тың ойларын іске асыру мақсаты да бар. «Денің сау болса, екі қолға бір күрек табылар» ұстанымы бар жастардың ісіне сәттілік тілейміз.
Б.ЖАНӘЛІ
11 қазан 2018 ж. 1 428 0