БҚО-да тұрғындар атаулы көмек бағдарламасымен мал басын көбейтпек
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Ақжол ауылдық округінде мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандар мал санын көбейтуге мүмкіндік алды. Бұған жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы оң септігін тигізіп отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 3190 отбасына қаржылай көмек көрсетілді. Қораны малға толтырсам деген ой Қабышевтар отбасын жиі мазалайтын. Шиеттей 6 бала. Бәрі де мектеп жасында. Отағасы Марат маусымдық жұмыстарды істегенімен, жалақысы мардымсыз еді. Ал, күміс алқа иегері Анна үй шаруасында. Қазір олар көптен қараусыз қалған қора-қопсыны жөндеуге кірісті. Өйткені: Талғат Серікқалиұлы, тілші: - Қабышевтар отбасы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасымен бастапқыда 5 ешкі сатып алады. Бірақ «айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарады» деп тоқмейілсіп, тоқтап қалмады. Кейін бөлінген қаржыны да тиімді игеріп, қосымша тағы да 13 бас ешкі сатып алады. Қабышевтердің қолына бастапқы қаржы былтыр «Өрлеу» жобасы арқылы тиген. Шаруақор отбасы алдағы уақытта мал санын одан әрі көбейтуге ниетті. Анна Қабышева, Ақжол ауылдық округінің тұрғыны: - Бос уақытта балық аулап, фарш істеп сатамын. Мемлекет көмек беріп жатыр ғой, оған рахмет. Енді қалған ақшаның жартысына ірі қара мал алам ба деймін, бір қашар алып сондай өсіріп асырап. Айнагүл Аққалиева, бағдарламаны түсіндіруші маман: - Екінші жарты жылдықта 5 отбасына тағайындалды Ақжол а/о бойынша, оның үшеуі мал жеке шаруа қожалығын дамыту мақсатында мал алған болатын. Бізге мемлекет тарапынан көптеген көмектер болып жатыр. Қатысқан отбасыларымыз алғастыраны білдіріп жатыр, өте керемет программа, біршама малдан алды деп айта аламын. Ақжол ауылдық округіндегі 2500-дей тұрғынның тұрмысы төрт түлікпен тығыз байланысты. Қазір округте 6 мыңдай ірі қара, 3 мың жылқы және 25 мыңдай қой бар. Жыл басында округ бойынша көмекке мұқтаж 10 отбасы тіркелген болса, келесі жартыжылдықта олардың тең жартысы мемлекетке алақан жаятындар санатынан шығарылған Қайырғали Нәдірғалиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы: - Әлеуметтік көмек екі түрге бөлінеді, шартты әлеуметтік көмек және шартсыз әлеуметтік көмек. Шартты әлеуметтік көмек алушылар еңбекке қабілетті адамдар болса солармен келісімшарт жасалады. Келісімшарт бойынша олар біріншіден жұмысқа орналасуы керек және олар алған ақшаны айға алмайды. Келісімшарт бойынша 2 рет алады, 3 айдыкін бір. Сол ақшаны жинақтап мал шаруашылығын дамытуға болады. Не болмаса кәсіптік өндірістерін ашып соларды. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, өз кәсібін өрістеткен тұрғындар аз емес. Мәселен, қазір облыстың Ақжайық, Бөрлі, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында бағдарлама аясында кәсіп ашып, шаруасын түзеп отырған отбасылар баршылық. Осы арқылы аз қамтылғандар санын азайтып, әлеуметтік масылдықтың тамырына балта шабуға мүмкіндік туады,- дейді мамандар.
www.24.kz
www.24.kz
Пікір 2