КӨПШІЛІК КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЖОБА
Жақында Н.Ілиясов ауылдық спорт кешенінде «Болашаққа сеніммен» салауатты өмір салты және спорт жобасының ашылу салтанаты өтті. Шараға жастар ресурстық орталығының директоры Ғ.Оралов, ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Жұмабекұлы, сала мамандары мен қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Жастарды қолдап, шағын кәсіпкерлікті дамытып, қоғамның осал топтарына яғни мүмкіндігі шектеулі жастарға берер көмегі мол шараға республиканың бес өңірінен екі мың жоба ұсынылған болатын. Әр жобаға 1 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұл дегеніміз қайтарымсыз грант, мұнымен қоса жоба көшбасшысы мен топ өкілдеріне 6 ай көлемінде шәкіртақы төленіп отырады. Шараға ауданнан бірнеше жоба ұсынылып, оның ішінде 19 жоба грант ұтты. Сол жобаның 4-і нағилықтарға тиесілі. Олар Ақбота Бақтияр «Болашаққа сеніммен» жобасымен ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға, ІІ-ІІІ топ мүгедектеріне, зейнеткерлерге арнап жаттығу залын ашты. Дүкенбаева Маржанкүл «Берекелі мереке», «Алтын тұлпар» сынды екі жоба ұсынып қос грантқа ие болды. Алғашқы жоба аясында ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға тәттілер яғни кондитерлік өнімдер пісіріп таратса, екіншісі киелі жылқы малымен серуендеу арқылы денсаулығында ақауы бар балаларға терапия жасап дертіне шипа бермек. Төртінші жоба иегері Эльвира Мирасова «Дені сау адам табиғаттың ең қымбат жемісі» жобасын ұсынған. Мұнда ауыл халқының басым бөлігіне қажетті ем, әсіресе нәрестелерге жасалатын уқалау емі ұсынылып, көпшіліктің көңілінен шықты. Ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленген жоба көшбасшыларының алдағы күндері атқарар жұмыстарына табыс тілеген ауыл әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы тұсаукесер лентасын қиды. – Жобаның жастарға берері мол, ауыл жастары осындай жоба арқылы өздерінің ойлаған мақсаттарын жүзеге асырып жатқандығы қуантады. Бұл кәсіпкерліктің бастауы деп білемін. Жасалып жатқан жұмыстар жалғасын тауып, кәсіпкерлік биігінен көрініңдер, – деді Т.Жұмабекұлы. Ж.Шайзадаеваның әні мен сөзіне жазылған «Бақытты балалар» әнін өнер фестивалінің І орын иегері Ж.Мұратова орындап көпшіліктің көңілін көтерді.
рындап көпшіліктің көңілін көтерді. Ұлт болашағы дені сау, білімді, білікті ұрпақтың қолында. Еліміздің жастарға деген қолдау барысында «Жас Проджект» кіші жобасының жастарға берері мол. Жобаның мақсаты жастар корпусын дамытып, қоғамның игілігі үшін жастарды пайдалы жұмыстарға тарту, өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту, жастардың осал топтарымен жұмыс жасау, жастардың белсенділігін арттыру және өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік бермек. Жастардың азаматтық бастамаларын, рухани-адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық және дене күш-қуатының әлеуетін дамыту, отансүйгіштікті дамыту, жастар саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жастар ресурстық орталығының мақсаты екені баршаға мәлім.
Әр жобаның ауыл халқы үшін алар орны ерекше. Әрқайсысының ашылуы жоғары дәрежеде өтті. Ауыл тұрғындары дән ризашылығын білдіруде.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ