ТҮБІРТЕКТІ ТАЛАП ЕТІП, ЖҮЛДЕ ҰТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 21 мамыры мен 30 қараша аралығында республикалық «Түбіртекті талап ет - жүлдені ұтып ал» акциясын жариялады.
Акция электронды форматта көлеңкелі экономикаға қарсы «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы өткізілуде. Бұл қосымшаны ақысыз көшіріп алып, смартфондардың барлық түрлері мен басқа да гаджеттерде пайдалануға болады. Акцияға қолма-қол ақшамен есептесу арқылы сатып алған тауары, алған қызмет үшін берілген фискалды чектің фотосын жіберген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Акция 2 деңгейде өткізіледі.
Бірінші деңгей облыс, қалаларда осы жылдың 21 мамырынан бастап, ай сайын өткізіледі және келесі айдың 7-не дейін Департаментте жүлделердің ұтысы мен оларды табыстау өтеді.
Екінші деңгейі үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өтеді, республика бойынша алдыңғы бірінші деңгейге қатысқан барлық түбіртектер ойнатылып, бас жүлде автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылады. Астана қаласы, Бейбітшілік көшесінде орналасқан ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ғимаратында тікелей түсірілім арқылы өткізіліп, жеңімпаздар туралы ақпарат «www.kgd.gov.kz» сайтында жарияланады.
Облыс бойынша ай сайын акция өткізіліп нәтижесінде 2018 жылдың 21 мамыр мен 30 маусым айларының қорытындысымен 1-2 жүлделі орындарды Сырдария ауданының азаматшалары ұтып алды. 1-орынды Тереңөзек кентінің тұрғыны Әбдіғаппарова Алтынай теледидар ұтысын алса, 2-жүлделі орынды Бесарық ауылының тұрғыны Дінисламова Гүлжайна алып, шаңсорғышқа ие болды. Екі жүлдегерде Қызылорда облысы бойыншы Мемлекеттік кірістер департаментінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, шілде айының қорытындысымен аудан тұрғындары атап айтқанда, Г.Серікбаева және Ж.Кенжебекқызы чекті көп жинағаны үшін ынтыландыру сыйлығына ие болды.
Қаншалықты көп чек жіберсе - жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты өсе түседі екен. Сондықтан, аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан тұрғындарын «Түбіртекті талап ет - жүлдені ұтып ал» акциясына қатысып, сыйлықты, бас жүлде - автокөлікті ұтып алуға шақырады!
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ