«Чек талап ет, жүлде ұтып ал» акциясы қоғамға өте пайдалы шаралардың бірі. Өйткені ол көлеңкелі экономиканың алдын алуға, елдің ортақ қазанына түсім түсуіне және сауда мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан көлемінде аталмыш акцияның белсенді жүруіне насихатшы болып, тұрақты ат салысып келеді. Биылғы жылы акция 21 мамырдан басталып жыл аяғына дейін созылады. Оның қорытындысы ай сайын шығарылып отыр. Бір қуанарлығы, маусым айында ауданның екі бірдей тұрғыны бағалы ұтысқа ие болып, бірінші және екінші орынды еншіледі. Бірінші тұғырдан көрінген Тереңөзек кентінің тұрғыны Алтынай Әбдіғаппарова сыйлыққа теледидар алса, екінші жүлденің иесі бесарықтық Гүлжайна Дінисламова шаңсорғышқа ие болды. Сөйтіп, чектің арқасында күнделікті тұрмысқа пайдаланатын техникаларға тегін ие болды. Бұл өз кезегінде отбасылық қаражатты үнемдеуге ықпал етті. Акцияға қатысу күрделі емес. Бар болғаны сауда жасаған жеріңізден чек талап етіп, оны ойынға қосу қажет.
Аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан тұрғындарын акцияға белсене қатысуға шақырады.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ