МӘМС көзді тегін емдеуге мүмкіндік береді?

- Өңірде көз ауруларын емдеу бағытында қандай тәсілдер қолданылуда?
- Бірінші кезекте көзді диагностикадан өткізіп, көру қабілетін көзілдіріктің көмегімен сақтауға тырысамыз. Қажет жағдайда әртүрлі аппараттардың көмегімен консервативті ем жүргіземіз. Бізге пациенттер дәрігер жолдамасынсыз ақылы негізде жүгіне алады. Медициналық орталықта офтальмолог қабылдау жүргізетін консультация орталығы жұмыс істейді. МӘМС шеңберінде дәрігер жолдамасымен келіп, тегін тексеріле, ем қабылдай алады.
- Қандай ауру түрлері жиі кездеседі және себептері қандай?
- Көз аурулары арасында кең тарағаны — миопия мен алыстан нашар көру. Қазір көбі ұялы телефон, компьютер мен түрлі гаджеттерді пайдаланатындықтан жастар арасында мұндай аурулар жиі анықталады. Монитор алдында режим сақтамай ұзақ отыру — миопияның басты себебі. Миопияға шалдыққан жағдайда көзге салмақты азайтып, көзге арналған жаттығударды тұрақты түрде жасап тұру керек. Мұндай ем барысында дәрілік препараттар мен дәрумендер қолданылады. 21 жастан асқан пациенттерге лазерлі емдеу, бейнекомпьютерлі түзету (көздің оптикалық жүйесінің бұзылуын түзету) шаралары қолданылады.
- 2026 жылы денсаулық сақтау жүйесі жаңа үлгіге — бірыңғай медициналық пакетке көшеді. МӘМС саласында жоспарланып отырған өзгерістерге қатысты сіздің көзқарасыңыз?
- Барлық өзгеріс пациенттің мүддесі үшін жасалады. Халықты қамту аясын кеңейту, кіріс топтары арасындағы жүктемені теңестіру, мемлекет пен жергілікті билік органдарының қатысу үлесін арттыру, бұлар — адамның табысы мен жұмыспен қамтылғанына қарамастан уақытылы сапалы медициналық көмек алуына жол ашады.
Осы жылдан бастап онкологиялық скринингті тегін медициналық пакетке қосқаны қуантады. Осы орайда дер кезінде профилактикалық тексеруден өтудің маңызы зор. Оның ішінде жасы 40-тан асқан ер адамдар мен әйелдер ерте сатысында глаукома бойынша тексеруден өте алады. Барлығына жылына бір рет көзін тексертуге кеңес беремін.
- МӘМС жүйесін енгізгелі офтальмолог қызметі қаншалықты қолжетімді бола түсті? Тегін тексеріліп, емделуге мүмкіндік бар ма?
- Мысал келтірейін. МӘМС жүйесін енгізгенге дейін интравитреалды екпе тек ақылы жүргізілетін. Бұл — көздің шыны тәріздес қабатына дәрілік препаратты тікелей ендіру. Бұл әдіс көптеген көз ауруын емдеу кезінде қолданылады. Оның ішінде диабетті ретинопатия, көз торының дегенерациясы, созылмалы аурулар және тағы басқа.
Қазіргі күні МӘМС аясында бұл процедура тегін өтеді. Курс бір инъекциямен шектелмейді, бірнешеуін қамтиды, кейде 10-ға дейін барады. Бір инъекцияның бағасы — 168 мың теңге. Егер ақылы болса, 300 мың теңгеге дейін барады.

- Лазерлі түзетуден кейін көру қабілеті қайтадан төмендеуі мүмкін бе?
- Егер пациент дәрігердің кеңесін тыңдап, қатаң орындап, уақытылы тамшы қабылдаса, қауіп төмен. Жоғарыда атап өткенімдей, біз лазерлі түзетуді жасы 21-ден асқандарға жасауға кеңес береміз. Үлкен кісілердің мұндай қадамға бармағаны дұрыс. Катаракта анықталған жағдайда пациенттің көз бұршағын ауыстырады. Сол кезде көру қабілеті 100%-ға жақсарады.
- Көз — нәзік әрі сезімтал орган. Оның ауруын адам кез келген уақытта бастан өткеруі мүмкін. Сізге көбіне қандай көз жарақаттарымен жүгінеді?
- Көз жарақаты көбіне құрылысшы, слесарь, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандардың техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан пайда болады. Жұмыс барысында көзге ағаш, металл ұшқындары тиюі мүмкін, кейде химиялық, термиялық күйікке шалдығады. Пневматикалық қарудан атылған оқ, балық аулау кезінде қармақтың ілгегі көзіне тиіп, көмегімізге жүгінгендер болды. Біз пациенттің көру қабілетін сақтап қалу үшін бар күшімізді саламыз.
- Биоқоспалар көру қабілетін жақсартуға көмектесе ме?
- Биоқоспалар күнделікті тағамымызда дәрумендер мен микроэлементтер жеткілікті болмағандықтан көздің саулығын сақтауға көмектеседі. Сондықтан биоқоспа ішуге кеңес беремін. Дегенмен, әр пациентке бекітілген арнайы мөлшері болады. Дәрумендерді де дәрігер рецептімен қабылдау керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Аханова