БАЛА ТАНЫМЫ БОЛАШАҚТЫ БАҒЫНДЫРАДЫ
Жаз мезгілінде сауықтыру және балалардың танымдық қызығушылығын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Шаған ауылындағы «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасы өткен аптада аймақтық семинар өткізді. Үш тілде бастау алған семинардың ашылу салтанатында алғаш сөз алған ауыл әкімі Ғ.Ошақбаев аз ғана уақыттың ішінде құрылып, көптеген шараларға белсене араласатын ұжымда жоғары білімді педагогтар екенін атап өтті. Кейін семинар қатысушылары екі топқа бөлініп ашық сабақтар көруге аттанды.
«Балапан» II кіші тобына «Көңілді аралар» эстафеталық сайысын өткізген Ләззат Әбдіқадырова балалармен бірге балық аулап, су қорын арнайы жәшікке жинап, бағалаушы аюмен бірге сайысқа түсті. Жарыс соңында достық жеңіп, бүлдіршіндер алғыс хатпен марапатталды. Келесі сабақ кезеңін «Құлыншақ» ортаңғы тобы өткізді. Тәрбиеші Бағила Алтаева «Йога маймылы» сабағында, йогадағы жаттығуларды арнайы кілем үстінде үйретті. Құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген жаттығу сабағы қызықты өтті. Дәл осы топпен келесі арнайы сабақ кезеңін Әйгерім Қайыпова жалғады. «Аэробика әлемі» деп аталатын дене жаттығулары табиғат аясында орындалды. Біркелкі форма киген балалар сабаққа қызығушылық танытып, белсене араласты. «Су терапиясы» семинар сабағын жас маман Әйгерім Абаева мен медбике Жанат Кеулжаева бірлесіп өткізді. Хауыз айлағында суға шомылу формаларын киген балдырғандар бұл сабаққа ерекше ат салысты.
Аймақтық семинарға жиылған педагогтарға да арнайы тренинг ұйымдастырылды. Балабақша әдіскері Жаннат Есниязова психология тренингін өткізді. Жоғары дәрежеде өткен тренингте тәрбиешілер жақсы қасиеттерін моншақтарға тізіп, жағымсыз әдеттерінен арылуға тырысып бақты. Әлемдік психологтар жоғары бағалаған «Армандар картасы» деп аталатын парақшаны толтырды. Сергіп қалған қатысушылар «Жаз мезгілі көңілді» мерекелік кешімен жалғады. Әуезді әндер айтылып, биден шашу шашылды. Балабақша тәрбиешілері мен балдырғандардан құрылған аспапты оркестр көрермен қошеметіне бөленді. Гүлзира Мұхамеджанова жетекшілік еткен кеш қатысушылар көңілінен шықты.
«Нұр Ай Сая» балабақшасының меңгерушісі Ұлбала Әбдіраманова ұжымдағы тәрбиеші мамандарының еңбегін бағалап, арнайы алғыс хат табыс етті.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің келешегі жарқын болу үшін дұрыс тәрбие мен сапалы білім беруіміз қажет. Осы жолда сіз бен бізге артылар жүк ауыр. Сондықтан аянбай еңбек етіп, мақсатқа жету жолында сіздерге денсаулық пен төзім тілеймін, – деді өз сөзінде.
Шара соңында 10-ға жуық ауылдан келген қатысушылар қорытынды сөздерін айтып, жоғары баға беріп тарқасты.
МАЙЯ ҚОЖАБАЙ