Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАБАҚШАДАҒЫ АШЫҚ САБАҚ

БАЛАБАҚШАДАҒЫ АШЫҚ САБАҚ


Жақында №1 «Қызғалдақ» балабақшасында «Үй жануарлары мен төлдері» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. «Бәйшешек» тобы бүлдіршіндерімен өткен сабақты тәрбиеші Г.Сырғабаева ұйымдастырды. Мұндағы негізгі мақсат – балаларға үй жануарлары және төлдері туралы түсінік бере отырып, білімдерін кеңейту, үй жануарларының аттарын дұрыс айтуға үйрету. Осы бағыттағы ашық сабақты өткізуде түсіндіру, әңгімелеу және сұрақ-жауап әдістері қолданылды.
Ашық сабаққа кіріспес бұрын бүлдіршіндер «Шаттық шеңберінде» өздерін таныстырды. Осыдан кейін көрнекілік, оның ішінде, төрт-түлік туралы суреттер мен слайд пайдаланылып, үй жануарлары көрсетілді. Оларды қорғап, қамқорлық жасауға тәрбиелейтін ашық сабақ барысында «Ғажайып қалташа» ойыны арқылы балалардың үй жануарларын ажырата алу қабілеті білінді. Сондай-ақ, балғындар топ-топқа бөлініп жұмыс жасады. Олар үй жануарлары төлдерін атап, сергіту сәтінде төрт-түлік төлдерін айтып шықты. Балалардың ой-өрісін дамытып, үй жануарларына деген түсінік қалыптастырған сабаққа «Бәйшешек» тобының тәрбиеленушілері белсене қатысып, қызығушылықтары артты. Олар үй жануарлары мен төлдерін ажыратып, төрт-түліктің адамдарға пайдасын ұғынды.
Мұнан бөлек, бүлдіршіндердің салауатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында аталған топпен «Қыс қызығы» тақырыбында спорттық сайыс та өткізілді. Спорттық сайыс­ты тәрбиеші Р.Күзербаева ұйымдастырып, балғындар түрлі спорттық кезеңдерде жарысты.

Гүлзира СЫРҒАБАЕВА,
тәрбиеші
22 ақпан 2018 ж. 3 104 0