Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдік пен ерліктің ұлық мерекесі

Елдік пен ерліктің ұлық мерекесі

25 қазан – халқымыздың азаттыққа ұмтылысын айқындап, тәуелсіздікке жол ашқан тарихи күн. 1990 жылы дәл осы күні қазақ кср-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміздің дербес мемлекет болуға бағыт алған тарихи таңдауы жария етілді. Сондықтан Республика күні – ұлттық мемлекеттілігіміздің бастауы мен елдік рухымыздың айқын көрінісі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент ҚасымЖомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Ұлт ұясы Ұлытауда ел тағдыры таразыға түсіп, тарихта ойып тұрып орын алар елеулі мәселелер қайта қаралған еді. Сонда ұсынылған маңызды мәселенің бірі – елдің еңселі мерекесіне айналған Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту болды. Осылайша, ел тәуелсіздігін жариялауға негіз болған тарихи күн қайта атаулы күндер қатарына қосылды. Яғни ұлы дала төсінде 25 қазан күні халқымыз ұлттықтың, ұлылықтың мерекесін атап өтеді.

Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды дата – жай мереке емес, ата-бабамыздың азаттық үшін күрескен жылдарының жемісі. Бастысы, халықтың ынтымағы мен бірлігі, кемел келешекке деген сенімі тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайта түспек. Әрине, еліміздің болашағы өз қолымызда, саналы ұрпақтың үлесінде. Атқарып отырған қызметімізді еліміздің дамуына бағыттасақ, мемлекетіміз әлемдегі дамыған озық елдер қатарына енетіні сөзсіз.

Атаулы күннің негізі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттік қағидалары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Дәл осы Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарымызды жасай бастаған едік. Осы қағидаттардың негізінде кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған. Бұл құжат мемлекеттің егемендік алуы жолында жасалған алғашқы қадамы еді. Сол себептен де қазақстандықтар үшін бұл күннің мәні де, маңызы да биік. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, 2001 жылы ғана мемлекеттік мерекелер тізіміне енген еді. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» жаңа заңда бұл күн атаулы күн ретінде белгіленбеді.

Егемендік – ұлттың өз тағдырын өзі айқындауы, болашағына жауапкершілікпен қарауы. Бұл ұғымның астарында ата-бабамыздың азаттық жолындағы арманы, ұрпақтың үміті мен елдің бірлігі жатыр. Бүгінде көк байрағын биік көтерген Қазақстан әлемге тәуелсіз мемлекет ретінде танылып, өзінің даму жолын қалыптастырып келеді. Республика күнінің мәні тек тарихи оқиғамен шектелмейді. Ол – өткенге тағзым етіп, бүгінді бағалап, келешекке сеніммен қарауға үндейтін мереке. Елдің ертеңі білімді ұрпаққа, адал еңбекке, қоғамдық келісім мен ортақ жауапкершілікке байланысты. Әр азаматтың туған жеріне жанашырлығы мен ел игілігіне қосқан үлесі мемлекеттің нығаюына қызмет етеді.

Сурет: kaganmedia.org

 А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қазан 2026 ж. 64 0