Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – маңызды

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – маңызды

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кері әсер ететін, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне нұқсан келтіретін келеңсіз құбылыс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – мәдениет саласының да негізгі міндетіне кіреді. Себебі мәдениет – қоғамның рухани негізін қалыптастыратын маңызды сала. Адам бойына адалдық, әділдік, жауапкершілік, отансүйгіштік сияқты құндылықты сіңіру арқылы біз жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыра аламыз.

Осы бағытта Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 62 іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 20 түсіндірме жұмысы, 16 семинар-кеңес, 14 дөңгелек үстел, 10 пікірлесу және 10 бейнеролик көрсетілімі өткізілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметші мен мәдениет саласының қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу талабын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру, қызметтік әдеп нормасын сақтау және адал еңбек қағидатын кеңінен насихаттау.

Жекелеген семинарлар мен түсіндірме жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талабы, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, қызметтік әдеп нормасы, мүдделер қақтығысына жол бермеу және қызметтік міндеттерді адал орындау мәселелері кеңінен талқыланады. Ал дөңгелек үстелдер мен пікірлесу форматындағы кездесулер қатысушылардың өзара ой бөлісуіне, саладағы өзекті мәселелерді ашық талқылауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мәдениет ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуде. Бұл ретте бейнероликтер көрсету, ақпараттық материалдар тарату, тақырыптық кездесулер өткізу арқылы қоғам мүшелерінің құқықтық және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыс жалғасын табуда.

Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте тек заң талабын орындау жеткіліксіз. Ең бастысы – әр адамның бойында адалдық пен әділдік ұстанымын қалыптастыру. «Адалдық», «әділдік», «жауапкершілік» ұғымы күнделікті өмір салтына айналғанда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет нығая түседі.

Бөлім тарапынан алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Мәдениет саласының қызметкерлері арасында заң талабын сақтау, қызметтік әдепті ұстану, халықпен ашық әрі адал қарым-қатынас орнату мәселелеріне басымдық беріледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет. Әрбір қызметкер өз міндетіне адал қарап, заң талаптарын қатаң сақтап, әділдік пен жауапкершілікті басты құндылық ретінде ұстанған жағдайда ғана қоғамда жемқорлыққа қарсы берік иммунитет қалыптасады.

Анар ҚАЛДЫБАЕВА,
Сырдария аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Сурет: Нұрболат Нұржаубай   
29 қыркүйек 2026 ж. 5 0