ҰЛТ КЕЛБЕТІ – ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР
Еліміздің бас қаласы Астанада «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттер мен Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын талқылау, «Жас Отан» жастар қанатының жарғылық құжаттарын реттеу мақсатындағы съез екі күнге созылып, онда ел болашағы – жастар ауқымды мәселелерді талқыға салды.
Жастар съезінің алғашқы күнінде «Жас Отанның» басты қызметі мен осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар назарға ұсынылды. Мұнда кемел келешек иелері маңызды мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, жастар «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Салауатты ұлт» бағыттарында ой-пікірлерін ортаға салып, жас ұрпақтың жаңашылдық талаптарға сай болу керектігі қамтылды.
Екінші күні «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында «Жаңа әлемге жол саламыз» тақырыбымен қорытынды Гала-форум ұйымдастырылды. Гала-форумға әр аймақтан келген 600 делегат, 1500-ден астам жастар өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясы мүшелері қатысты.
Форумды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын жеткізді. Құттықтауда «Жас Отан» Мемлекет басшысының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенімді тірегіне айналғаны, бұл беделді ұйым мыңдаған білімді де белсенді жастардың, Қазақстанның нағыз патриоттарының басын біріктіріп отырғаны атап көрсетілген.
Бүгінде жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар көп. Оларды сапалы біліммен қамтуда, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетуде барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы әркез жас ұрпаққа сенім артып, олардың инновациялық білімді игеріп, бәсекеге қабілетті болу қажеттілігін үнемі айтуда. Осы ретте, Ел Президенті жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі кәсіби маман болуға шақырды. Сондықтан жастардың дамуы қарқынды мемлекеттің болашағын баянды ету тұрғысында аянбай еңбек етулері тиіс. Қай сала, қай істе де белсенділік танытып, жастар саясатының жүзеге асуына зор үлес қосу – оларға міндет.
Жастар жиынында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев, бақылау-ревизия комиссиясының төрағасы Евгений Кочетов жаңа форматта есеп беріп, атқарылған жұмыстарды, алдағы міндеттерді айтты.
– Бүгінгі таңда «Жас Отан» жастар қанатының қатарында 164 мың мүшесі бар, 16 аймақтық филиалдар, 171 аудандық бөлімшелер, 336 кәсіпорындар мен жоғарғы оқу орындарында бөлімшелеріміз бар. Орталық сайлау кеңесіне 32 адам сайланып Жарғымыздың жаңа үлгісі бекітілмек, – деген Д.Сүндетбаев адуынды жастардың алғырлығы қоғам келбетінің жақсаруына септігін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ, гала-форумда әр салада жетістікке жетіп жүрген жалынды жастар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Егемен елді өркендетуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізіп, жастарға қолдау білдіріп келе жатқан Елбасыға алғыстарын айтты. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев съезді қорытындылай келе Мемлекет басшысының жастарға ұдайы қолдау білдіріп, білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын айтып өтті. Съезд соңында жиынға жиналған жастар «Атамекен» әнін бірге шырқады.
Бір атап өтерлігі, жастар съезі алғаш рет VR (virtual reality) форматында көрсетілді. Бұл технология кез келген Интернет пайдаланушысына залдағы көріністің барлығын 360 градус айналасында көруіне мүмкіндік берді. Жиынды еліміздің түкпір-түкпірінен кез келген интернет қолдаушының виртуалды шындық форматында көруге мүмкіндік алды. Бұл іс-шараны Қазақстаннан – 22607, Ресейден – 6078, Ұлыбританиядан – 2513, Германиядан – 1642, АҚШ-тан – 2822, Канададан – 809, Оңтүстік Кореядан – 2096, Малайзиядан – 1656, басқа елдерден – 2371 адам көрді.
Е.БЕРКІНБАЕВ