Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімнің өлшемі – материалдық қажеттілік пе?

Мейірімнің өлшемі – материалдық қажеттілік пе?

Бала – отбасының бақыты болумен қатар, мемлекеттің ең қымбат байлығы. Оның дені сау, білімді, тәрбиелі болып өсуі ең алдымен ата-ананың қамқорлығы мен жауапкершілігіне байланысты. Өкінішке қарай, бүгінде түрлі себеппен шаңырағы шайқалып, ата-анасы екі бөлек өмір сүретін отбасы аз емес. Алайда ерлі-зайыптының жолы екіге айырылғанымен, олардың бала алдындағы парызы мен міндеті ешқашан тоқтамайды. Әсіресе, алимент төледі жай ғана заң талабы деп санамау керек. Ол – өз перзентіне деген азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Қазақта «Бала – адамның бауыр еті» деп бекер айтпаған. Перзенттің алаңсыз балалық шағы, сапалы білімі, дұрыс тәрбиесі мен денсаулығы үшін ата-ананың екеуі де бірдей жауапты. Сондықтан алиментті міндет қылып қарастырмаған жөн. Өз балаңның болашағына қосылған үлес деп қабылдау әлдеқайда маңызды.

Осы мақсатта мемлекет баланың құқығын қорғауға бағытталған маңызды өзгеріс енгізіп отыр. 2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда алимент төлемі арнайы банктік шотқа ғана аударылады. Бұл жаңашылдық ең алдымен балаға немесе еңбекке қабілетсіз азаматқа арналған қаражаттың өзге қарызды өтеуге жұмсалып кетпеуін қамтамасыз ету үшін қолға алынған.

ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіп атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң аясында енгізіледі. Бұған дейін кейбір жағдайда алимент ретінде түскен қаражат алушының басқа қаржылық міндеттемесіне байланысты бұғатталып немесе өндіріп алынуы мүмкін болатын. Енді мұндай келеңсіздікке жол берілмейді.

Жаңа заңға сәйкес, алиментке арналған арнайы банктік шоттағы қаражатқа тыйым салынбайды, ол бұғатталмайды және өзге берешекті өтеуге пайдаланылмайды. Демек, бұл қаржы тек баланың қажеттілігіне, тамағына, киіміне, оқуына, емделуіне және жан-жақты дамуына жұмсалады. Мемлекет тарапынан жасалған баланың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған маңызды қадамның артықшылығы көп.

Жаңа талапқа сәйкес, алимент алатын азамат екінші деңгейдегі банктің бірінен арнайы шот ашып, оның реквизитін сот орындаушысына ұсынуы қажет. Арнайы шоттың деректемесі берілгенге дейін өндірілген алимент қаражаты уақытша аударылмай сақталады. Дегенмен бұл алимент төлеушіні жауапкершіліктен босатпайды. Берешек толық көлемде есептеліп отырады және қажетті құжат тапсырылғаннан кейін жиналған қаражат толықтай аударылады.

Әділет министрлігі арнайы шот ашатын банктердің нақты тізімін жүргізбейтінін хабарлады. Сондықтан азаматтарға бұл жөнінде Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараттарына сүйену ұсынылады.

Алимент мәселесіне тек заң тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Оның астарында әрбір баланың тағдыры, үміті мен болашағы жатыр. Бала ата-анасының арасындағы келіс­пеушіліктің құрбаны болмауы тиіс. Ересек­тердің жеке өміріндегі қиындық перзенттің өмір сапасына әсер етпеуі қажет. Себебі бала үшін ең үлкен байлық – ата-анасының мейірімі, қамқорлығы және қолдауы.

Педагогтер мен психологтардың пікірінше, балаға материалдық қолдаудан бұрын, рухани жылулық та ауадай қажет. Әке мен ананың жақсы сөзі, қамқорлығы, бірге өткізген уақыты, қолдауы оның тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді. Ал алимент – сол қамқорлықтың материалдық көрінісі ғана. Ол ешқашан ата-аналық махаббаттың орнын баса алмайды. Бірақ баланың күнделікті қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.

Қазақы тәрбиеде балаға қамқор болу – адамгершіліктің ең биік өлшемінің бірі саналған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсіл де ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін айқын көрсетеді. Сондықтан әрбір ата-ана өз міндетін заңнан қорыққандықтан емес, ар-ожданы мен перзентіне деген сүйіспеншілігі үшін орындауы керек.

Жаңа заңның негізгі мақсаты – баланың мүддесін қорғау, олардың лайықты өмір сүруіне қосымша кепілдік беру және әлеуметтік әділет­тілікті қамтамасыз ету. Бұл өзгеріс қоғамда ата-аналық жауапкершілікті күшейтіп, балалардың құқығын қорғауға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады.

Өкінішке қарай, алимент төлеуден жалтарып, өз баласының алдындағы міндетін орындамайтын азаматтар әлі де кездеседі. Соның салдарынан заң алдында жауапкершілікке тартылып жатқан жағдай аз емес. Мәселен, жуырда Атырау облысында алимент төлемеген азамат сот үкімімен бір жылға бас бостандығынан айырылып, миллиондаған теңге көлеміндегі бере­шегін өтеуге міндеттелді. Бұл – заң талабын орындамаудың салдарымен қатар, өз перзентінің алдындағы жауапкершілікті сезін­беудің көрінісі.

Баланы тәрбиелеу – ата-анамен бірге тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ал мейірім мен жауапкершілік салтанат құрған жерде әрбір баланың болашағы жарқын болады. Сондықтан әрбір ата-ана өз перзентіне көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы арқылы оның ертеңгі күніне сенімді негіз қалайтынын ұмытпағаны жөн.

Фото: ашық дереккөз
28 шілде 2026 ж. 365 0