Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата Заңда отбасы құндылығы ескерілген

Ата Заңда отбасы құндылығы ескерілген

Қуатты мемлекеттің негізі саналатын жаңа Конституция жобасы мазмұнымен жұртшылық жан-жақты танысуда. Қазіргі уақытта отбасы құндылығы төмендеп, ерлі-зайыпты арасында келіспеушілік көбейгені байқалады. Мұндай жағдайда отбасының берік негізі қалану үшін жаңа Ата Заңда арнайы бап енгізілген. Халықтық Конституцияның 30-бабында: «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болуы тиіс» деп баса айтылған. Расында мемлекеттің бас­ты байлығы – адам екені мәлім.

Тең құқыққа ие ерлі-зайыпты ода­ғында некенің заң тұрғысынан тіркелуі маңызды. Мысалы, 30-бапта: «Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңына сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мін­детті» деп жазылған. Арнайы бапта көр­сетілген төрт мәселенің мәні – отбасы құн­дылығын дәріптеуге және оны өмірде жүзеге асыруға бағытталған.

Ең алдымен, 30-баптың бірінші тар­мағына назар аударсақ, мемлекет әрқашан халқына қамқорлық жасап, олардың барлық жағынан қорғалуын қамтамасыз етеді. Азаматтардың құ­қық­тары шектелмей, заң арқылы отба­сының сақталуына жұмыс жасалады. Бейбіт күнде ел халқының өмірін қорғау – мемлекеттің саяси бағдарының негізі. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен он мыңнан аса ұсыныстың ішінде 30-бапқа қатысты мәселелердің қаралуы орынды деп айтуға болады.

Конституциялық комиссияның оты­рыс­тарында Ата Заңға өзгеріс енгізу барысында ер мен әйелдің некеге тұруы жә­не тең құқықты одақтың бұзылмауы туралы сарапшылар мен мамандар егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Құқықтық тұрғыдан кез келген ерлі-зайыпты отбасы қағидатын берік сақтауы тиіс. Толық отбасы ұстанымынан таймаған ер мен әйел тең құқықты шешім қабылдауға құқылы. Ер мен әйел әрқашан бір-бірінің құқығын таптауға жол бермеуі қажет.

Әрине, балаға ата-ана қам­қорлық жасап, тәрбие беру – парыз. Бүгінде шаңырағы шайқалған, әлеуметтік тұр­мысы төмен, өзара жанжалдасу салдарынан ортақ ұғым қалыптаспаған отбасыларда қаншама бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл орайда бала – отбасының ең қымбат қазынасы, ұрпақ жалғастығы мен тәрбие өзегінің алтын арқауы. Отбасы – баланың алғашқы мектебі, ал ата-ана – оның өмір жолындағы тұңғыш ұстазы. Сондықтан баланың отбасындағы орны ерекше әрі жауапкершілігі зор. Отбасы берік, тәрбие дұрыс болса, бала да жарқын болашаққа нық қадам басады.

Қария – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің тірі шежіресі. Алайда бүгінгі қоғамда «қараусыз қалған қария» деген ауыр тіркес жиі айтылатын болды. Бұл – тек жеке отбасының емес, адамгершілік құндылықтардың әлсі­реуінің кө­рінісі. Қарт адам – өмірдің талай белесінен өткен, қиындық пен қуа­нышты тең бөліскен жан. Жас кезінде елге еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, қоғам дамуына үлес қосқан жандар қартайғанда жылулық пен құрметке зәру. Алайда кейбірі жалғыздықтың тауқыметін тартып, баласының назарынан тыс қалып жата­ды. Бұл жағдай ешқандай дүниемен ақталмайды.

Жаңа Ата Заң жобасында еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау балаларға заң жүзінде міндеттелген. Өз үйі, отбасы бар кез келген қарт жал­ғыздықты сезбеуі керек, ал бала мен отбасы өз кезегінде ата-анасына қамқор болып, құрмет көрсетуі қажет.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 ақпан 2026 ж. 42 0