Түлектерге қолдау көрсетті
Биылғы ҰБТ-да Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т. Айтбаев атындағы орта мектептің түлектері жоғары нәтиже көрсетіп, білім сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл ретте, бірнеше жыл бойы жүргізілген жүйелі еңбектің, сапалы білім беру мен талапты жастардың білімге деген ұмтылысын анық байқаймыз. Білімге құрмет көрсетіп, дарынды жастарды қолдау – қоғамның ортақ міндеті. Осы игі дәстүрді көп жыл бойы жалғастырып келе жатқан Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев бұл жолы да талапты жастарға ерекше қолдау білдірді.Ел ағасы ҰБТ қорытындысы бойынша №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің «Алтын белгі» иегерлері мен 120 және одан жоғары балл жинаған түлектеріне қаржылай сыйақы табыстап, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетті.
Жалпы алғанда, ардақты азамат жастардың білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, өзгелерге де үлгі болатын тағылымды бастама көтеріп отыр. Білімді бағалап, озат оқушыларды қолдау арқылы жас ұрпаққа үлкен сенім мен жауапкершілік жүктеледі. Мұндай игі іс талапкерлерге жаңа белестерді бағындыруға жігер беріп, олардың өз күшіне деген сенімін нығайтады.
«Абзал және К», «Мағжан және К» секілді шаруашылық құрылымының жастарды қолдауға бағытталған бастамасы – туған жердің дамуына қосқан зор үлесінің бір көрінісі. Дарынды жастарды марапаттау арқылы ел азаматтары білімнің қоғамдағы маңызын айқындап, келешек ұрпақтың сапалы білім алып, ел игілігі үшін қызмет етуіне жол ашып келеді.
№132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің бүгінгі жетістігі – тек мектеп ұжымының ғана емес, бүкіл ауданның мерейі. Себебі сапалы білім – елдің ең қымбат капиталы, ал білімді жастар – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
– Жастардың білімге ұмтылысы – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткен №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің түлектерін шын жүректен құттықтаймын! Ең алдымен, оқушылардың табанды еңбегі, ата-аналардың қолдауы және ұстаздардың кәсіби біліктілігінің жемісін жоғары бағалаймыз. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан дарынды жастарды қолдау мен ынталандыруды азаматтық парызым деп білемін. Бүгінгі марапат – тек жоғары балл жинаған түлектерге көрсетілген құрмет қана емес, кейінгі буын оқушыларына да үлгі болатын игі бастама. Мен әрқашан туған өлкеміздің білімді, талапты жастарына сенемін. Олар ертең елдің дамуына үлес қосатын білікті маман, адал азамат болып қалыптасады деп сенемін. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, өз мақсатына жетуі үшін қолдан келген қолдауды көрсете береміз. Барша түлекке ақ жол тілеймін! Алдағы өмір жолында биік белесті бағындырып, таңдаған мамандықтарының нағыз иесі атансын. Елдің сенімін ақтап, туған жердің мерейін үстем етер азаматтар болып өсіңіздер. Сырдариядан шыққан білімді жастардың қатары көбейе берсін, – деді Абзал Жұмашұлы.
Бетті дайындаған Балтабай ОРДАБЕКОВ










